Министр жастардың зейнетақыны жинағын өте аз жинағанын мәлімдеді
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қазақстандағы 4 млн адамның зейнетақы жинағы 500 мың теңгеге де жетпейтінін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бүгін үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында ол жастардың зейнетақы жинағын өте аз жинағанын мәлімдеді.
«БЖЗҚ дерегінше, бізде жастар өте аз жинаған. 4 млн адамның тек 500 мың теңгеге дейін жинағы бар. Бұл өте аз», – деді ол.
Министр жастарға ЖОО бітіріп, жұмысқа орналасқан зейнетақы қамына кірісе беруге кеңес берді.
«Азамат өзінің еңбек жолын бастаған сәттен зейнетақы туралы ойлану керек. Шартты түрде, 24 жасында ЖОО бітіріп, жұмысқа орналасса, сол кезден бастап зейнетақы қорына жинақ жинай беруі керек», – деп атап өтті министр.
Айта кетейік, сенаторлар қолданыстағы жасқа негізделген жүйеден біртіндеп бас тартып, оның орнына азаматтың нақты еңбек өтіліне сүйенетін модельге көшу қажет екенін мәлімдеген еді. Демек қазіргідей тек жасқа қарап емес, адамның қанша жыл жұмыс істегеніне қарай зейнетке шығару керек дейді. Мысалы, адам ұзақ жыл бойы жұмыс істесе, ол зейнетке ертерек шыға алады. Ал керісінше, аз жұмыс істегендерге зейнетке шығу үшін көбірек күтуге тура келуі мүмкін.
Бірақ бұл ұсыныстың қиын тұстары да бар. Қазақстанда бейресми жұмыс істейтіндер көп. Яғни кей адамдардың еңбек өтілі толық тіркелмеген. Егер жаңа жүйе енгізілсе, ондай адамдардың еңбек жылдары есептелмей қалуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселе әлі талқыланып жатыр. Үкімет нақты шешім қабылдаған жоқ.
Айта кетейік, Қазақстанда ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін маңызды өзгерістер ұсынылды. Мәжілісте депутаттар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге жаңа бастамаларды талқылап жатыр. Соның бірі – осындай аналарға 55 жаста зейнетке шығуға мүмкіндік беру.