Таяу Шығыстағы жағдай ушықты
Иран төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты мұнай бағасы күрт өсті. 21 сәуірге қараған түні мұнай құны шамамен 6 пайызға артты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Reuters агенттігінің мәліметіне зер салсақ, Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 95 долларға жуықтады. Ал америкалық WTI шамамен 89 долларға дейін көтерілді. Бағаның өсуіне Ормуз бұғазы маңындағы шиеленістің күшеюі және АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерге қатысты белгісіз жағдай әсер еткен.
Бұған дейін, апта соңында, керісінше, нарықта баға шамамен 9 пайызға төмендеген еді. Ол кезде Иран бітім кезеңінде бұғаздың кеме қатынасы үшін дайын екенін мәлімдеген. Алайда бірнеше күннен кейін жағдай өзгерді. АҚШ тарапы блокаданы бұзып өтпек болған ирандық кемені қолға түсіргенін хабарлады. Ислам Республикасының Қарулы Күштері жақын арада қарымта соққы берілетінін ескертті.
Сонымен қатар, АҚШ өкілдерінің Иранмен келіссөз жүргізу үшін Пәкістанға аттанатыны айтылған. Ал Тегеран бұл кездесуге қатысу-қатыспау мәселесіне күмәнмен қараған. Расымен 2 аптаға созылған уақытша бітім аяқталуға бір күн қалғанда осындай жағдай болып отыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін АҚШ әскерилері блокаданы бұзуға әрекеттенген ирандық жүк кемесін басып алғанын хабарлаған едік.