Алматыда экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында ескі автокөліктерді сатып алу бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Қала әкімі Дархан Сатыбалды Экологиялық кеңес отырысында экологиялық стандарттары төмен машиналарды сатып алып, оларды кәдеге жаратумен айналысатын арнайы компания құруды тапсырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жобаны жүзеге асыруға қалалық құрылымдар мен «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) тартылады. Атап айтқанда, автопаркті жаңарту мәселелерімен айналысатын жеке еншілес ұйым құрылуы мүмкін. Бұл бастама қала жолдарындағы тозығы жеткен техника санын азайтып, зиянды қалдықтардың көлемін төмендетуге бағытталған.
Сонымен қатар, тұрғындар үшін қолдау тетіктері де қарастырылуда. Тұрғындарға экологиялық таза көліктерді сатып алуды жеңілдету үшін жеңілдетілген несие беру, лизинг және Trade-In (ескі көлікті жаңасына айырбастау) бағдарламалары ұсынылмақ. Жоба аясында жергілікті компаниялармен серіктестік орнату көзделген.
Алматы қаласы Қазастандағы ауасы ең көп ластанған өңірлердің бірі болып қала береді. Мамандардың пікірінше, қаланың экологиялық ахуалына көлік кептелісі мен ескі автокөліктерден бөлінетін пайдаланылған газдар тікелей әсер етеді. Жаңа шаралар осы мәселені кешенді түрде шешуге көмектеседі деп күтілуде.