Жаңа қонысқа ие болғандардың бірі – көпбалалы ана Алмагүл Тастанбекова. Ол ұзақ жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрған.
Атырауда қоғам белсендісі, депутат Нұрлыбек Даралиевтің бастамасымен Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Көктем ықшамауданында әлеуметтік осал топтағы төрт отбасыға жаңа баспана табысталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жаңа қонысқа ие болғандардың бірі – көпбалалы ана Алмагүл Тастанбекова. Ол ұзақ жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрған.
– Мен жалғызбасты анамын, алты балам бар. Үлкенім – жиырма жаста, екінші балам студент. 2013 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрдым. 13 жыл пәтер жалдап келдік. Өзім аспаздың көмекшісі болып жұмыс істеймін. Наурыз айында Нұрлыбек Даралиев үйімізге келіп, жағдайымды көріп кетті. Көмек болатынын айтты. Шынымды айтсам, басында сенбедім. Бірақ сәуірдің басында үй салып жатқанын айтып, мені тізімге қосты. Бүгін балаларыммен бірге үйдің кілтін алып тұрмын. Қуанышымды сөзбен жеткізу қиын, – дейді ол.
Жобаның бастамашысы Нұрлыбек Даралиевтің айтуынша, бұл қайырымдылық бастама пандемия кезінде қолға алынған.
– Пандемия кезінде халыққа өте қиын болды. Көптеген үлкен кісілер өмірден өтті. Сол кезде үлкендердің “балаларымның, немерелерімнің баспанасы болса екен” деген тілектерін жиі еститінбіз. Сол аманатты орындау үшін осы іске кірістік. Кәсіпкер достарыммен, сыныптастарыммен бірігіп бастадық. Бұл бастамаға Фархад Жолдас есімді досым, кәсіпкер Арман Дәукенов, Хамит Қонарбаев және Әділ Жұбанов қолдау көрсетті, – дейді ол.
Берілген үйлердің әрқайсысы 60 шаршы метрді құрайды. Екі бөлмелі баспаналар толықтай дайын: газ, су және электр жүйелері жүргізілген.
Айта кету керек, баспаналы болған отбасыларын әлеуметтік қорғау шараларымен қамту жүзеге асырылуда.
Нұргүл Насыр