Қазақстанда «Болашақ» бағдарламасының талаптарын бұзған стипендиаттар үшін қаржылық жауапкершілік бірнеше есеге артуы мүмкін. Қазіргі таңда Ғылым және жоғары білім министрлігі айыппұл көлемін ұлғайту мәселесін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министр Саясат Нұрбек Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың «мемлекет қаржысын тиімсіз жұмсағандар оқу шығынынан да көп ақша қайтаруы тиіс» деген ұсынысын қолдады. Бұған дейін, атап айтқанда 2010 жылы, айыппұл көлемі шығынның 25%-нан 10%-ға дейін төмендетілген болатын. Енді министрлік бұл жеңілдіктен бас тартып, жауапкершілікті қайта күшейтуді жоспарлап отыр.
Бұл бастаманың көтерілуіне бағдарлама шартын орындамағандар санының азаймауы себеп болған. Ресми мәліметке сүйенсек, 2013 жылдан бері ереже бұзғандар бюджетке 14,5 миллиард теңге қайтарды. Тек 2026 жылдың алғашқы үш айының өзінде мемлекет қазынасына 378,5 миллион теңгеден астам қаражат өндірілген. Саясат Нұрбектің айтуынша, бұл өзгеріс қаржылық тәртіпті нығайту үшін өте тиімді құрал болмақ.
Қазіргі уақытта тиісті мемлекеттік органдар жаңа айыппұл мөлшерлемесін есептеп, заңнамалық өзгерістерді іске асыру жолдарын зерттеуде. Егер ұсыныс мақұлданса, бағдарлама бойынша алған міндеттемесін орындамаған жастар алған грант сомасымен қатар, қомақты үстеме ақы төлеуге міндеттеледі.