Қазақстандық оқушылар білім сапасын арттыру мақсатында қайтадан мазмұндама, шығарма және диктант жазуға көшеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі «31 арнаға» сілтеме жасап.
Ведомство басшысының айтуынша, дәстүрлі жазба жұмыстарын қайта енгізу мектеп бағдарламасын жаңартудың бір бөлігі болып табылады.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап құқықтық сауаттылыққа баса назар аударылмақ. Атап айтқанда, 5-7 сыныптарда "Конституция негіздері", 8-9 сыныптарда "Заң және тәртіп", ал жоғары сыныптарда "Құқық негіздері" пәндері міндетті түрде оқытылады. Бұл қадам балалардың жауапкершілігін күшейту мен "Адал азамат" бағдарламасын іске асыруға бағытталған.
Мектеп бағдарламасындағы өзгерістер экологиялық тәрбие мен географияны тереңдетіп оқытуды да қамтиды. Мысалы, 8-9 сынып оқушылары үшін "Қазақстан географиясы" пәніне аптасына екі сағат уақыт бөлінбек. Министрдің пайымынша, мұндай өзгерістер білім беру жүйесін тек ақпарат берумен шектемей, тәрбие мен заңды құрметтеуге бағдарлайды.
Айта кетейік, соңғы жылдары Қазақстан мектептеріндегі білім беру жүйесіне бірнеше реформа жасалған болатын. Дәстүрлі жазба жұмыстарына қайта оралу шешімі оқушылардың сауаттылығы мен ойлау қабілетін дамыту қажеттілігінен туындап отыр.