Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Тастөбе ауылында тоғызыншы сынып оқушысының өліміне кінәлі деп танылған үш тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Сотталушылар жасөспірімді жүйелі түрде қорқытып, психологиялық қысым көрсету арқылы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізген, деп хабарлайды Qaz365.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Тергеу барысында анықталғандай, ауыл мектебінің 7–11 сынып оқушылары арасында «бейресми көшбасшылар» тобы қалыптасып, криминалдық идеологияны насихаттаған. Негізгі айыпталушы ретінде танылған 22 жастағы ауыл тұрғыны және оның екі сыбайласы (10-11 сынып оқушылары) жасөспірімді құлдыққа жегіп, үйінде құрылыс жұмыстарын істеуге мәжбүрлеген.
«Қайғылы оқиғаға «старшактар» тарапынан көрсетілген жүйелі қоқан-лоқы, психологиялық қысым және еңбекке мәжбүрлеу себеп болған. Жасөспірім соңғы күндері ауылда «авторитет» саналған азаматтың үйінде мәжбүрлі түрде құрылыс жұмыстарын атқарған», — деп мәлімдеді прокуратура өкілдері.
Сот шешімімен оқиғаның басты фигуранты 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған көмектескен екі кәмелетке толмаған жасөспірімнің әрқайсысы 5 жылға сотталды. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, оқиға өткен жылдың сәуір айында болған. 15 жастағы оқушы өз үйінің ауласындағы қорада асылып қалған күйінде табылған еді.