Шығыс Қазақстан облысында апелляциялық сот 13 жасар қызды зорлаған 30 жастағы ер адамға қатысты бірінші инстанция сотының шешімін өзгертті. Сотталушы енді өмірінің соңына дейін түрмеде отырады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі «31 арнаға» сілтеме жасап.
Бұған дейінгі сот үкімімен ер адам небәрі 2 жылға ғана бас бостандығынан айырылған болатын. Бірінші инстанция соты оқиға «екі тараптың келісімімен болған» деп есептеп, істі «Зорлау» бабынан «16 жасқа толмаған тұлғамен жыныстық қатынасқа түсу» бабына ауыстырған еді. Жәбірленуші қыздың жақындары бұл үкімді тым жеңіл және әділетсіз деп танып, жазаны қатайтуды талап еткен болатын.
Апелляциялық инстанция іс материалдарын қайта зерттеп, бірінші соттың тергеу кезінде жиналған негізгі дәлелдерді ескермегенін анықтады. Адвокат Жанболат Әкежановтың айтуынша, сотқа дейінгі тергеу толық көлемде жүргізілген және зорлау фактісін растайтын барлық дәлелдер жинақталған. Нәтижесінде апелляциялық сот айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.
Еске сала кетейік, оқиға Өскемен маңында болған. 30 жастағы ер адам мектеп оқушысын айдалаға алып шығып, жыныстық қатынасқа түскен.