Қызықтың көкесі енді басталды, дейді сарапшылар.
2026 жылдың 15 сәуірінен бастап Қазақстанда жеке тұлғалардың банк карталарына түсетін мобильді аударымдарды тексеру басталды. Осыған байланысты жұрттың көкейінде сұрақ көп. Қаржыгер Рүстем Айдарбеков кімге және қандай жағдайда айыппұл салынатынын түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«15 сәуірден бастап банктер бірінші квартал бойынша салық органдарына жеке мәліметтерді салық органдарына береді. Сол кезде 100 аударымнан 3 ай бойы 100-ден, 300 аударымнан асып кеткен және миллион аударымнан асып кеткен кәсіпкерлерге салық органдары кәсіпкерлерден есеп сұрайды. «Ақша қайдан келді?», «Ақша қайда кетті?», «Не үшін аударылды?». Осыны сұрап есеп сұрайды. Сол кезде сіз: «Мынау әпкемнен келді», «Мынау әкемнен келді», «Қандайда бір жағдай болды, соған байланысты ақша жинадым» деп есеп бересіз” - деді ол.
Қаржыгердің сөзінше, азаматтар 3 айға толық есеп береді.
“3 айға есеп бере алмасаңыз, атыңызда ИП болса, «Сіздің атыңызда ИП болды. Бірақ сіз барлық ақшаны өзіңіздің жеке шотыңызға қабылдадыңыз. ИП-ның шотына қабылдамадыңыз. Фискалды түбіртек берген жоқсыз. Барлық ақшаны фискалдамадыңыз» деп айыппұл салады. Сонымен қатар осы уақытқа дейін алынған төлемнің бәріне салық төлетеді.
Егер атыңызда ИП жоқ болса, 100-ден аса аударымды қабылдап жатсаңыз, онда сізге: «Атыңызда ИП болмаса да кәсіпкерлікпен айналыстыңыз. Салықтан жалтардыңыз» деп кәсіпкерлікпен айналысқаныңыз үшін 15 АЕК-ден 100 АЕК-ге дейін айыппұл салады. Ол жерде АЕК - 4325 теңге. 430 мың теңгеге дейін айыппұл арқалауыңыз мүмкін және сол уақытқа дейінгі төлемдерге салық төлеуге міндеттелесіз. Оны өзінше есептейді” - деп түсіндірді Айдарбеков.
Қаржыгердің айтуынша, қазір аударым санын 100-ге жеткізбей жүрген кәсіпкерлер де бар. Яғни, олар 50, 60, 70, 80 мобильді төлемді қабылдайды. Мұндай қулыққа барғандар да тексеріліп, алдағы уақытта есеп берулеріне тура келеді дейді Рүстем Айдарбеков.
“Алдағы уақытта «Бірыңғай дерекқор» деген пайда болады. Әрбір қазақстандықтың «Бірыңғай дерекқоры» болады. Сол дерекқордың ішінде сіздің «ұшқан-қонғаныңыздың» барлығы жазылады. «Айыппұл келіп түсті: 250 мың теңге», «Соттан шешіп алдыңыз: 50 мың теңге», «Ұшаққа 500 мың теңгеге билек алдыңыз». «Қалған ақша қайдан келді?» деген сұрақ пайда болады. Неге көп? Неге аз? Неге табыс көзі аз, шығыныңыз көп? Сол кезде қабылдаған аударымдарыңыз «судың бетіне көлкіп шығады». Сол кезде есеп беруіңіз қажет болады. «Мына ақша мына жақтан келді. Ана ақша ана жақтан келді. Мынау — сыйақы, мынау — айлық. Мынау — кәсіпкерліктің табысы» деген сияқты. Сіздің шетелге барғаныңыз, кіммен және не үшін барғаныңыз, қашан барғаныңыз, сағат қаншада барғаныңыз, қанша билет алдыңыз... бүкілі жазылады.
Бәрі дерекқорда сақталады. Кез келген уақытта қандайда бір сұрақ туындайтын болса, сол жердің бәрін ашып қарайды. Сіз туралы жеке мәліметтер сол жерден шығады. Қызықтың көкесі енді басталды», — деді Рүстем Айдарбеков.