2026 жылы Қазақстан аумағында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің бірлескен әскери оқу-жаттығулары өтеді. Бұл туралы Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Валерий Герасимовтың төрағалығымен өткен ҰҚШҰ Әскери комитетінің отырысынан кейін Ресей Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жиын барысында ҰҚШҰ-ға мүше елдердің бас штабтарының делегациялары қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың ерекшеліктерін ескере отырып, бірлескен жедел және жауынгерлік дайындықты ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Биылғы негізгі шаралар Ресей, Беларусь және Қазақстан аумақтарында өтетін оқу-жаттығулар болмақ. Сонымен қатар, тараптар ұжымдық авиациялық күштердің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін жетілдіру мен әскери кадрларды оқыту мәселелерін талқылады.
Отырысқа қатысушылар ҰҚШҰ аймақтарындағы әскери-саяси жағдайды талдап, аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ұйымның әскери әлеуетін арттырудың практикалық қадамдарын айқындады. Атап айтқанда, Қазақстанның ұлттық бөлімшелерінің БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысу тәжірибесіне ерекше мән беріліп, оны ұйымның әскери компоненттерін басқару жүйесіне енгізу жолдары қаралды.
Айта кетейік, 2026 жылғы бірлескен іс-шаралар Ресей Федерациясының ҰҚШҰ-дағы төрағалығы аясында ұсынылған басым бағыттарды іске асыру мақсатында өткізіледі. Бұл шаралар ұйымға мүше мемлекеттердің әскери қауіпсіздігін нығайтуға және ұжымдық күштердің басқару жүйесін үйлестіруге бағытталған.