×

«945 мың төлеп бостандыққа шықты»: қыз зорлау ісі бойынша сотталған блогерге қатысты аппеляциялық шағым қаралады

Жәбірленуші тарап апелляциялық шағым берді 

«945 мың төлеп бостандыққа шықты»: қыз зорлау ісі бойынша сотталған блогерге қатысты аппеляциялық шағым қаралады

Алматыда қызды зорлады деген айыппен сотталған блогердің мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы жәбірленуші тараптың наразылығын туғызды. Жәбірленуші тараптың адвокаты Рена Керимованың мәлімдеуінше, сот шешімі заң талаптарын өрескел бұзып қабылданған. Сотталушы 945 646 теңге көлеміндегі айыппұл төлеп, бостандыққа шыққан, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Адвокаттың сөзінше, сот сотталған Ерқанат Думанның өтінішін қанағаттандырып, жазаның өтелмеген бөлігін жеңілірек жаза түріне ауыстырған.

«Сот 2 жыл 7 ай 22 күн қалған бас бостандығынан айыру жазасын 945 646 теңге көлеміндегі айыппұлға алмастырды», — дейді ол.

Сонымен қатар, қорғаушы сот процесінде жәбірленушінің құқығы бұзылғанын алға тартады.

«Заң талаптарына қарамастан, жәбірленушіге сот отырысына қатысу мүмкіндігі берілмеді», — деді Керимова.

Сот қаулысында жәбірленушіге отырыстың уақыты мен орны туралы хабарланғаны көрсетілгенімен, адвокат бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейтінін айтады.

«Нақтысында, жәбірленуші сот отырысы туралы тиісті түрде хабардар етілмеген. Соның салдарынан ол өз ұстанымын білдіріп, сотталушының өтінішіне қарсылық келтіру мүмкіндігінен айырылды», — деді ол.

Адвокаттың айтуынша, апелляциялық шағым беру мерзімін әрең қалпына келтірген.

Ерқанат Думан Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабы 1-бөлігі бойынша — зорлау дерегімен сотталған. Жеке адамға жыныстық зорлық көрсету ауыр қылмыс санатына жатады. Соған қарамастан, қорғаушы сот өтінішті қарау барысында істің мән-жайын терең талдамай, тек сотталғанның оң мінездемелерін ресми түрде тізбелеп айтумен шектелгенін жеткізді.

Олардың қатарында тәртіптік жаза болмауы, көтермелеу шаралары, жұмысқа тартылуы және келтірілген шығынды өтегені көрсетілген. Сондай-ақ бостандықта жүрген кезеңде ол өзін кінәсіз ретінде көрсетіп, түрлі сұхбаттар беріп, подкасттарға қатысқан. Адвокаттың айтуынша, бұл материалдардың кейбірінде депутат Абзал Құспан да оны жақтап пікір білдірген. 

Еске салайық, 2023 жылғы 13 қыркүйекте Алматы қаласының Бостандық аудандық №2 соты Ерқанат Думанды кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Кейін Алматы қалалық соты оны ақтап шыққан. Алайда 2024 жылғы 18 маусымда Жоғарғы сот бірінші инстанция үкімін өзгеріссіз қалдырған.

Адвокат сот шешіміне қатысты наразылығын жасырмайды:

«5 жыл жаза тағайындалып, оның 2 жылдан астам бөлігі небәрі 945 мың теңге айыппұлмен ауыстырылғаны — түсініксіз жағдай», — деді ол.

Бұл іс бойынша апелляциялық шағым 2026 жылғы 22 сәуірде Павлодар облыстық сотында қаралады.

Еске сала кетсек, Қарағандыда ер адам 18 жастағы әйелін ұрып-соғып, көкбауырын түсіріп, баласын тартып алды. 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →