Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мансап орталықтарының жұмысын жаңартып, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналасқанға дейін жеке сүйемелдеудің жаңа алгоритмін енгізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жаңа ережеге сәйкес, негізгі назар өз бетінше жұмыс табуы қиын 93,5 мың адамнан тұратын нысаналы топқа аударылады. Олардың қатарында әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар, жұмыс тәжірибесі жоқтар, еңбек өтілінде 6 айдан астам үзілісі барлар, сондай-ақ тек техникалық және орта білімі бар жандар бар. Ал жоғары білімі бар немесе жақында ғана жұмыс істеген азаматтар бұл тізімнен шығарылды. Мемлекеттік ресурстар енді тек нақты мұқтаж топтарға бағытталады.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда аталған топтағы азаматтардың тек 39,8 мыңы ғана жұмыспен қамту шараларына тартылған. Жаңа формат аясында әрбір адамға жеке кеңесші бекітіліп, цифрлық бақылау арқылы нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізілмек. Бұл шаралар қолдаудың толық циклін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Еңбек министрі әрбір жұмыссыз азаматпен жеке жұмысты күшейтіп, оны нақты жұмыс орнына тұрғанға дейін толық бақылауда ұстауды тапсырды. Реформаның мақсаты — жұмыспен қамту шараларының тиімділігін арттырып, еңбек нарығындағы осал топтардың әлеуметтік бейімделуіне көмектесу.