Эяль Эльбоим, Swiss Capital: «Біз өсімді бақылап қана қоймай, оны басқарамыз»
Қазақстанның микроқаржыландыру нарығында қатаң ережелер мен қателіктің құны жоғары болатын жаңа дәуір басталып келеді. Мұндай жағдайда ең жылдамдар емес, ең тәртіптілер жеңіске жетеді, дейді Swiss Capital компаниясының акционері Эяль Эльбоим.
Qaz365.kz редакциясы осы мәселе турасында Эяль Эльбоиммен сұхбаттасты.
Тәртіп арқылы қалыптасқан кемелдік туралы
– Swiss Capital нарықтағы ең танымал ойыншы емес, неге?
– Бұл – саналы түрде қабылданған стратегия. Біздің басты мақсатымыз көзге түсу емес, кез келген нарықтық жағдайда табысты әрі нәтижелі жұмыс істей алатын орнықты бизнес моделін құру болды.
Компания тарихы 2017 жылы Қазақстанның үш қаласындағы ломбардтардан басталды. Бұл клиентпен тікелей байланысқа негізделген қарапайым, «қолмен басқарылатын» модель еді. Алайда сол кездің өзінде-ақ біз уақыт өте келе мұның жеткіліксіз болатынын түсіндік. Сондықтан дамудың келесі кезеңі экспансия емес, бизнестің ішкі жүйесін күшейтуге бағытталды. 2021 жылы біз қажетті лицензияны алып, процестерге, тәуекел-менеджментке және аналитикаға белсенді инвестиция құя отырып, толыққанды МҚҰ форматына көштік.
2019–2023 жылдар аралығында нарық көбіне жоғары тәуекел-тәбет есебінен қарқынды өсті. Ал біз сақтық танытып, кезең-кезеңімен әрі салмақты даму жолын таңдадық. Бәлкім, сол кезеңде бұл үдеріс компания сыртында аса байқалмаған болар, алайда ішкі ортада маңызды өзгерістер жүріп жатқаны баршаға белгілі еді, өйткені дәл сол уақытта бүкіл бизнесіміздің берік іргетасы қаланды.
Соңғы бірнеше жыл компания үшін тұтас ішкі трансформация кезеңі болды. Ал бүгінде осы іргетасқа негізделген жүйелі жұмыстың нақты әрі елеулі нәтижелері алғаш рет айқын көріне бастады.
– Бұл қандай нүкте?
– Әңгіме компанияның даму сатысы туралы болып отыр. Мен оны саналы түрде масштабтау кезеңі деп атар едім.
Қазіргі таңда бізде қарқынды дамып келе жатқан көптеген компанияларда жиі жетіспей жататын маңызды артықшылық бар – өз бизнесіміздің экономикасын өнімдер деңгейінде терең түсіну. Бүгінде біз қорытынды көрсеткіштерді ғана емес, сонымен қатар олардың өнімдер, сегменттер мен винтаждар бойынша қалай қалыптасатынын да көріп отырмыз.
Мұның барлығы бізге өсімді сырттай бақылап қана қоймай, оны саналы түрде басқаруға мүмкіндік береді.
Бәлкім, ең маңыздысы – біз өз мүмкіндіктеріміздің шегін нақты түсінеміз және қай тұста қарқынды арттыруға болатынын, ал қай жерде болмайтынын айқын ажырата аламыз. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – біз ештеңемен шектелмегендей, бірақ өз қозғалысымыздың бағытын саналы түрде бақылайтын нағыз тәртіп.
Басқарылатын өсім жылы
– Сіз нәтижелер мен оған дейінгі дайындық кезеңін атап өттіңіз. Жұмыстағы серпіліс нақты қашан болды және ол қандай факторлардың есебінен жүзеге асты?
– Біз үшін серпіліс жылы 2025 жыл болды, және бұл ең алдымен біз құрған жүйенің біртұтас тетік ретінде жұмыс істей бастауының арқасында орын алды.
Бір жағынан, біз команданы жоғары білікті мамандармен толықтырдық. Мәселен, біз командаға біздің стратегиямызға сенім артып қана қоймай, оны нақты операциялық шешімдерге тиімді түрде айналдыра алған жаңа CEO Анна Максимованы тарттық. Екінші жағынан, біз бизнестің барлық негізгі функцияларының – сатылым, тәуекел-менеджмент және қаржы бағыттарының жұмысын синхрондадық. Егер бұған дейін олар жеке блоктар ретінде құрылған болса, 2025 жылы мұның барлығы бірыңғай автоматтандырылған жүйеде жұмыс істей бастады – қарыз алуға өтінім беруден бастап оны беруге дейінгі толық цикл қамтылды. Нәтижесінде бұл бізге өтінімдерді қарау және рәсімдеу мерзімдерін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді.
Swiss Capital компаниясындағы бизнес-процестерді автоматтандырудың жоғары деңгейін де ерекше атап өткен жөн. Осылайша, біз Қазақстанда кепілді автоматты түрде тіркеу процесін енгізген алғашқы компания болдық. Осы жағдай аясында сатылым көлемінің үш есеге өсуі және портфельдің 40%-ға ұлғаюы — бұл, шын мәнінде, аралық нәтиже ғана, және біз көрсеткіштердің одан әрі өсуін күтеміз.
Әрине, бұл біздің тәуекел-функциямызды күшейту жағына қарай қайта қарауды талап етті. Іс жүзінде біз оны қайта құрдық: команданы жаңарттық, тәуекел-тәбетті қайта қарастырдық, шешім қабылдау жүйесін қатаңдаттық, сондай-ақ мониторингіні күшейттік. Біз үшін алынған нәтиженің өсіммен ғана емес, сонымен қатар NPL деңгейінің екі есеге төмендеуімен көрініс табуы да принципті тұрғыдан маңызды болды. Бұл – процестердің жылдамдығын арттыра отырып, сападан ұтылмай, керісінше, кредиттік портфель сапасын одан әрі жақсартуға қол жеткізген жағдай.
– Қаржылық көрсеткіштер тұрғысынан да жыл сәтті болды ма?
– Сөзсіз. Оның үстіне, белгілі бір дәрежеде қаржылық нәтижелер операциялық өсімнің өзінен де айқынырақ болды деуге болады.
2024 жылы алынған шығыннан кейін біздің алдымызда нақты міндет тұрды – кредиттік портфельдің сапасына нұқсан келтірмей, бизнес экономикасын қалпына келтіру. Біз бұл міндетті орындадық. 2025 жылдың 12 айында компания пайда тауып қана қоймай, жоспарлы көрсеткіштерден де асып түсті. Ең маңыздысы – бұл өсім жасанды емес, бизнес-модельді дәл баптаудың нәтижесі болды.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша да компания тұрақты пайда көрсетуде.
Біз үшін бұл бизнестің операциялық қызмет пен қаржылық нәтиже тұрғысынан басқарудың жаңа деңгейіне өткенінің дәлелі.
Нарық және ойын ережелері
– Бүгінгі таңда микроқаржы секторында жұмыс істеу қаншалықты қолайлы?
– Мәселе жайлылықта емес, кемелдікте және неғұрлым қатаң жағдайларда жұмыс істей білуде.
Бүгінде Қазақстандағы нарық кезекті заңды кезеңнен өтуде: реттеушілік бақылау күшейіп, ашықтыққа, портфель сапасына және клиенттерді қорғауға қойылатын талаптар артып келеді. Бұл ретте ережелер айтарлықтай қатаңдай түсіп, бақылау жүйелі әрі терең сипат ала бастады. Егер нарықтың қазіргі жағдайын өте қысқаша сипаттайтын болсақ, реттеуші мен нарық қатысушыларының назары жауапты кредиттеу қағидаттарына бағытталған деуге болады. Бұл, сөзсіз, бизнеске қосымша жүктеме түсіреді, себебі процестерге, тәуекел-менеджментке, есептілікке және технологияларға инвестиция қажет. Алайда, екінші жағынан, мұның бәрі нарықты неғұрлым құрылымдалған әрі түсінікті етеді. Осындай жағдайда ең жылдам компаниялар емес, ең тұрақтылар жеңіске жетеді – яғни қатаң ережелер аясында жұмыс істей алатын және барлық деңгейде сапаны басқара білетін компаниялар.
– Мұның бәрі компаниялардың өздері үшін нені өзгертеді?
– Ең алдымен, «қателіктің құны» өзгереді. Мысалы, бұрын бизнес-модель андеррайтингте немесе баға белгілеуде жекелеген ауытқуларға төтеп бере алатын болса, қазір мұндай беріктік қоры іс жүзінде мүлде жоқ.
NPL деңгейі шамамен 10% болған жағдайда, табыстылықтың қысқаруы және проблемалық берешекпен жұмыс істеу құралдарының шектеулі болуы жағдайында кез келген дәлсіздік қаржылық нәтижеге әлдеқайда жылдам әсер етеді. Қателіктер енді уақыт өте келе «жоқ болып кетпейді» – олар бірден көрінеді.
Шын мәнінде, нарық дәлсіздікті кешіруді тоқтатады. Мұндай ортада жылдам өсетіндер емес, әр кезеңде сапаны сақтай отырып, нақты әрі жүйелі әрекет ете алатындар жеңіске жетеді.
– Инвесторлар бұл өзгерістерге қалай қарайды?
– Инвесторлар айтарлықтай мұқият бола түсті. Бұрын олардың назарында ең алдымен өсім қарқыны болса, қазір талқыланатын тақырыптар әлдеқайда тереңдей түсті. Енді әңгіме портфель құрылымы, винтаждық талдау, ақша ағындарының тұрақтылығы, тәуекел-менеджмент сапасы, сондай-ақ компанияның технологиялық деңгейі мен бизнес-процестерінің тиімділігі туралы болып отыр.
Сонымен қатар, инвесторлар үшін міндеттемелерді мінсіз орындау тарихы аса маңызды фактор болып қала береді. Swiss Capital жағдайында компанияның сенімділігі оның Қазақстан облигациялар нарығында 2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанымен және осы кезең ішінде инвесторлар алдындағы барлық міндеттемелерін әрдайым уақтылы әрі толық көлемде орындап отырғанымен расталады. Осы уақыт аралығында $6,5 млн, $2,7 млн және 1,7 млрд теңге сомасына үш шығарылым өтелді.
Әрине, міндеттемелерге деген мұндай жауапты көзқарас сенім қалыптастырып, капитал нарығымен неғұрлым тұрақты әрі ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.
Қазақстан және халықаралық контекст
– Қазақстандық модель басқа нарықтардағы модельдерден ерекшелене ме, егер ерекшеленсе, қаншалықты дәрежеде?
– Иә, айырмашылықтар бар, және олар негізінен өзгерістердің қарқыны мен тығыздығында көрінеді.
Көптеген еуропалық елдерде реттеу шаралары кезең-кезеңімен енгізіледі. Мысалы, клиенттерді қорғау және төлем қабілеттілігін бағалау талаптары өтпелі кезеңдер арқылы енгізіледі. Бұл нарықтың жаңа талаптарға бейімделуіне мүмкіндік береді. Мәселен, Swiss Capital бренді жұмыс істейтін Грузияда да реттеуді қатаңдату бірізді түрде жүргізілді: алдымен борыштық жүктемеге шектеулер енгізілді, кейін скоринг стандарттары белгіленді, содан кейін ғана ашықтық талаптары күшейтілді. Қазақстанда өзгерістер, әдетте, әлдеқайда жедел қарқынмен және бір мезгілде бірнеше бағыт бойынша енгізіледі. Бұл қысқа мерзім ішінде бизнеске түсетін жүктемені едәуір арттырады.
Жалпы алғанда, бірқатар аспектілер бойынша Қазақстандағы реттеу қазіргі таңда басқа салыстырмалы нарықтарға қарағанда қатаңырақ. Бұл бақылау деңгейіне, талаптарды енгізу жылдамдығына және есептіліктің егжей-тегжейлілігіне қатысты.
Нәтижесінде қателесуге уақыт та, маневр жасауға мүмкіндік те азаяды, алайда нарықтың өзін-өзі тазарту процесі жылдамырақ жүретін «шектеулі орта» қалыптасады.
– Swiss Capital үшін бұл қосымша тәуекелдер ме, әлде жаңа мүмкіндіктер ме?
– Бұл, ең алдымен, тұрақтылыққа қойылатын сынақ деуге болады. Әлсіз бизнес-модельге ие компаниялар мұндай қысымды тез сезіне бастайды, ал процестері, тәуекел-менеджменті және басқару жүйесі жақсы жолға қойылғандар нарықтың қалған бөлігіне қарағанда жылдамырақ өсу мүмкіндігіне ие болады.
Әдетте дәл осындай кезеңдерде нарықтағы үлестер неғұрлым жүйелі ойыншылардың пайдасына қайта бөлінеді.
Әрі қарай не болады?
– Сіздің ойыңызша, бірнеше жылдан кейін микрокредиттеу нарығы қандай болады?
– Менің ойымша, ол ықшамырақ болады, бірақ сапа деңгейі айтарлықтай жоғарылайды. Ойыншылар саны азаяды, алайда басқару сапасының, ашықтықтың және жинақталған құзыреттіліктің орташа деңгейі өседі.
Нарық әлдеқайда ұтымды сипатқа ие болып, «эмоционалдық» фактордың рөлі төмендейді деп ойлаймын.
– Мұндай нарық конфигурациясында Swiss Capital неге үміт арта алады?
– Біз компанияны бастапқыдан-ақ дәл осындай нарық моделіне бейімдеп, тәртіпке, тәуекелдерді бақылауға және басқарылатын өсімге басымдық беріп құрдық. Иә, белгілі бір кезеңде бұл қарқынды өсімнің жоқтығы сияқты көрінді. Алайда қазір бұл тек сақтықтан туған таңдау емес, ең дұрыс шешім болғаны айқын.
Сондықтан қазіргі жағдайда бұл бізге бизнестің тұрақтылығын ғана емес, жоғары даму қарқынын да етіп отыр. Шын мәнінде, біз жинақталған тәртіп пен сапа өсімге айнала бастайтын кезеңге жақындап келеміз. Бұл процесс Swiss Capital үшін ұзақ мерзімді сипатқа ие болады.
– Сұхбатыңызға рахмет!