Бұдан былай белгілі бір саяси ұстанымдар үшін иммиграциялық өтініштер қабылданбауы мүмкін
АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі грин-карта мен азаматтық алуға өтініш берген иммигранттардың бұрынғы айтқан сөздері мен саяси көзқарастарын «экстремистік пиғылдарға» қатысты тексеретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Reuters-ке сілтеме жасап.
Дональд Трамп әкімшілігінің жаңа нұсқаулығына сәйкес, бұдан былай белгілі бір саяси ұстанымдар үшін иммиграциялық өтініштер қабылданбауы мүмкін.
Ведомство өкілі Зак Калердің айтуынша, террористік идеологияны насихаттау, америкалық құндылықтарға өшпенділік таныту, үкіметті күшпен құлатуға шақыру немесе террористерге қолдау көрсету сияқты әрекеттер Азаматтық және иммиграция қызметінің (USCIS) күмәнін тудырады. Алайда New York Times басылымының мәліметінше, бұл тізімге Палестинаны қолдау акцияларына қатысу, Израильді сынау және АҚШ туын қорлау сияқты әрекеттер де енуі ықтимал.
Бұл бастама құқық қорғаушылар мен саясаткерлердің өткір сынына ұшырады. Сенатор-демократ Крис Ван Холлен мен «Defending Rights and Dissent» ұйымы бұл қадамды сөз бостандығына жасалған шабуыл деп бағалап отыр. Олардың пікірінше, үкіметтің адамдардың саяси көзқарасына қарап елде тұру құқығын шектеуі демократиялық принциптерге қайшы келеді.
Еске сала кетейік, өткен жылы Трамп әкімшілігі иммиграциялық өтініштерді «антиамериканизм» мен антисемитизмге тексере бастайтынын жариялаған болатын. АҚШ Президенті Палестинаны қолдаушы қозғалыстарды антисемиттік деп есептейді және оларды экстремистерді қолдаушылар қатарына жатқызады.