Күдікті ретінде әйелдің заңды жұбайы ұсталды
Қостанай облысының Жітіқара қаласында отбасылық жанжал кезінде анасын арашаламақ болған 15 жасар жасөспірім қаза тапты, деп хабарлайды Qaz365.kz өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 25 сәуір күні болған.
Тергеу мәліметтері бойынша, ерлі-зайыпты арасында тұрмыстық жанжал туындап, салдарынан 37 жастағы әйел пышақ жарақатын алған. Әйелдің бұрынғы некесінен туған ұлы анасын қорғауға тырысқан, бірақ алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Полиция департаменті кісі өлтіру және кісі өлтіруге оқталу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ретінде әйелдің заңды жұбайы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұл оқиға өңірдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды. Құзырлы органдар істің егжей-тегжейін анықтау үстінде.