×

«Бағасы құлдырауы мүмкін»: экономист мұнай экспорттайтын елдердегі дағдарыстың Қазақстанға қауіпі жайлы айтты

«Бағасы құлдырауы мүмкін»: экономист мұнай экспорттайтын елдердегі дағдарыстың Қазақстанға қауіпі жайлы айтты

Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының құрамындағы кейбір елдердің ұйымнан шығуы әлемдік мұнай нарығында елеулі өзгерістерге әкеліп, Қазақстан экономикасы үшін қиындықтар туындатуы мүмкін. Экономист Мақсат Халық БАӘ-нің ұстанымы және картельдің әлсіреу ықтималдығына қатысты сөз сөйледі, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, мәселе бір ғана елдің ішкі шешімімен шектелмейді. Бұл — келісімге қатысушы өзге мемлекеттерге де әсер етіп, тізбекті реакцияны іске қосуы мүмкін. Мұндай жағдайда мұнай экспорттаушы елдер ұйымының мұнай өндіруді реттейтін тетік ретіндегі тұрақтылығы күмән тудырады.

«Бірінші кезекте БАӘ-нің Мұнай экспорттаушы елдер ұйымынан шығуы бұл ұйымның жұмысына кәдімгідей сын-қатер тудырып тұр деуге болады. Бұл тенденция тек БАӘ-мен шектелмей, өзге де мүшелеріне жалғасын табатын болса, жалпы үлкен сын-қатерлер туғызады деп айтуға негіз бар. Қазақстан экономикасына да әсері кері болайын деп тұр, себебі біздің еліміздің экономикасы мұнайға тәуелділігі өте жоғары», – деді Мақсат Халық.

Экономист мұнай экспорттаушы елдер ұйымының негізгі міндеті — мұнай өндіруді үйлестіру және әлемдік бағаға ықпал ету екенін атап өтті. Егер бұл құрылым әлсіресе, нарықта өндіріс көлемін шектейтін орталық бақылау тетігі әлсірейді. Оның пікірінше, мұндай жағдайда елдер келісімдерге қарамай, өз бетінше әрекет етіп, өндірісті арттыруы мүмкін. 

«Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының өзінің жалпы мазмұны кете бастаса, әлемде онда сөзсіз картель құрылымының әлсіреуі болып, мұнай бағасына ықпал ететін күштің жойылуы деген сөз. Яғни бұдан шыққан ойыншылар тәуелсіз болып, шексіз көлемде мұнай өндіру үдерісіне қадам басады. Тиісінше әлемде мұнай көлемі артып, ол мұнай бағасының құлдырауына ықпал етеді», – деп түсіндірді ол.

Сонымен бірге Мақсат Халық бұл процестің ауқымына ерекше назар аудару қажет екенін айтады. Егер бұл тек бір елмен шектелсе, әсері шектеулі болуы мүмкін. Ал егер үрдіс етек жайса, жағдай күрт өзгеруі ықтимал.

«Негізі бұл жерде бір үлкен ойын жүріп жатыр деп айтуға болады. Сондықтан бір ғана БАӘ-мен ғана шектелсе, қатты бір үлкен әсер тигізе қоймайды. Егер ол өзге де мүшелеріне жалғасса, әлемде мұнай бағасының құлдырауы болуы мүмкін», – дейді экономист.

Мақсат Халықтың айтуынша, мұндай сценарий Қазақстан үшін тікелей экономикалық қауіп төндіреді, себебі ел экономикасы мұнай кірісіне айтарлықтай тәуелді.

«Оның кері зияны түсінікті, Қазақстан үшін де әсері болайын деп тұр: экспорттық әлеуетіміз нашарлайды, мұнай бағасы құлдырап кететін болса теңгеге қысым артады. Ұлттық қорға түсімдеріміз азаяды. Осындай кері салдарлары болайын деп тұр», – деді Мақсат Халық.

Айта кетейік, Қазақстанның Энергетика министрлігі «Дружба» құбыры арқылы транзиттің тоқтауына байланысты Германияға экспортталатын 260 мың тонна мұнайды балама бағыттарға қайта бөлетінін мәлімдеді. 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →