Бұл басқа баспана іздеуге немесе көшуге дайындалуға мүмкіндік береді
Мәжіліс атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелеріне қатысты заң жобасын мақұлдады. Жаңа құжат бойынша, енді азаматтарды тұрғын үйден шығармас бұрын оларға 10 күнтізбелік күн бұрын міндетті түрде хабарлама берілуі тиіс, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл шара борышкерлерге жағдайды алдын ала бағамдап, басқа баспана іздеуге немесе көшуге дайындалуға мүмкіндік береді. Бұрын мұндай нақты мерзім бекітілмегендіктен, халық арасында түсініспеушіліктер жиі туындайтын.
Сонымен қатар, заң жобасы жеке сот орындаушыларына (ЖСО) қойылатын талаптарды айтарлықтай қатаңдатады. Енді олар заңнаманы білу және кәсіби этика кодексін сақтау бойынша тұрақты аттестациядан өтіп тұрады. Егер сот орындаушысы қайта аттестаттаудан өте алмаса, бұл оның лицензиясын тоқтатуға негіз болады.
Сот орындаушыларының көмекшілері мен стажерларына да талап күшейді: соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған тұлғалар бұл қызметке жіберілмейді.