Тексеріс басталды
2026 жылғы 29 сәуірде Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА) құлады, деп хабарлайды Qaz365.kz өңірлік Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Нысан құлаған жерде өрт шығып, 500 шаршы метр аумақтағы құрғақ шөптің жануына себеп болған.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, тілсіз жауды толық ауыздықтады. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысының Полиция департаменті уәкілетті қызметтермен бірлесіп, табылған аппараттың фрагменттерін тексеріп жатыр. Құзырлы органдардың мәліметінше, нысан елді мекеннен тыс аумақта табылған және зардап шеккендер жоқ.
Бұл Батыс Қазақстанда тіркелген алғашқы жағдай емес. Осы жылдың наурыз айында Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында дронға ұқсас бөлшектер табылса, 2025 жылғы 18 ақпанда Бөкей ордасы ауданында да белгісіз ұшу нысаны құлаған болатын.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Ресми органдар аппараттың қай елге тиесілі екені туралы әзірге нақты ақпарат берген жоқ.