АҚШ Мемлекеттік департаменті ел тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай Президент Дональд Трамптың портреті бейнеленген төлқұжаттардың шектеулі сериясын шығарады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жаңа дизайн бойынша, Ақ үй басшысының суреті Тәуелсіздік декларациясының мәтінімен және алтын түстес қолтаңбасымен көмкеріліп, құжаттың ішкі мұқабасында орналасады.
Мерейтойлық төлқұжаттар осы жылдың шілде айында жарыққа шығады. Құжаттың сыртқы дизайны да өзгеріске ұшырамақ: "United States of America" жазуы үлкейтіліп, артқы мұқабасында 13 жұлдызбен қоршалған "250" саны бар ту бейнеленеді. Мемлекеттік департамент жаңа дизайнға қарамастан, құжаттың қауіпсіздік шаралары толық сақталатынын мәлімдеді.
Бұл Трамптың есімін мемлекеттік нышандарда мәңгі қалдыруға бағытталған алғашқы қадам емес. Бұған дейін тәуелсіздік мерейтойына орай шығарылатын 100 долларлық банкноттарда қазынашының орнына Президенттің қолтаңбасы қойылатыны белгілі болды. Сонымен қатар АҚШ Бейбітшілік институтына Трамп есімі беріліп, Вашингтондағы Дж. Кеннеди атындағы орталықтың атауына Президенттің есімі қосылды.
Елдегі Сәндік өнер комиссиясы Президенттің бейнесі бар 24 караттық алтын монетаны шығаруды да мақұлдады. Айта кетейік, 2025 жылдың қазанында Трамп әкімшілігі бұл комиссияның барлық мүшелерін қызметтен босатып, олардың орнына өз жақтастарын тағайындаған болатын. Сондай-ақ АҚШ Әскери-теңіз күштері үшін "Трамп" класындағы жаңа екі әскери кеме салу жоспарланып отыр.