Сондай-ақ продюсер өзі негізін қалаған «Қазақ аруы» байқауының кезекті маусымын актрисаға арнайтынын мәлімдеді
Продюсер Баян Алагөзова қазақтың аңызға айналған актрисасы, «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған Меруерт Өтекешоваға ай сайын 1 миллион теңге көлемінде өмірлік зейнетақы төлейтінін жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сондай-ақ продюсер өзі негізін қалаған «Қазақ аруы» байқауының кезекті маусымын актрисаға арнайтынын мәлімдеді.
Бұл бастама актрисаның фильмде киген тарихи қызғылт камзолының продюсердің жеке коллекциясында болуына байланысты қоғамда туындаған даудан кейін көтерілді. Баян Алагөзова бұл сыйақыны өзінің және жұбайының атынан актрисаға деген шексіз алғыс белгісі ретінде тағайындағанын айтты. Сонымен қатар продюсер халық әртісіне бағалы тон сыйлап, оны «қазақ қызының мәңгілік символы» деп атады.
Қоғамда үлкен талқыға түскен жәдігер камзолға қатысты продюсер оны уақыты келгенде мұражайға өткізетінін жеткізді.
«Бұл камзолдың тағдырын халық пен құзырлы органдар шешеді, бірақ әзірге ол менде «жеті құлыптың» артында сақтаулы тұр», – деді Алагөзова.
Бұған дейін Мәдениет министрлігі тарихи жәдігердің жеке қолға қалай өткенін тексеретінін хабарлаған болатын.
«Қыз Жібек» фильмі 1969–1970 жылдары түсірілген. Меруерт Өтекешова киген қызғылт камзолдың авторы – танымал суретші Гүлфайрус Исмаилова. Фильм – қазақ киноматографиясының алтын қорына енген шоқтығы биік туынды.