Қостанайда «Халықтық Конституция – ұлттық құндылықтар мен бірліктің айнасы» тақырыбында сараптамалық алаң өтті
Қостанайда «Халықтық Конституция – ұлттық құндылықтар мен бірліктің айнасы» тақырыбында сараптамалық алаң өтіп, онда жаңа Конституцияның негізгі қағидаттары, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық маңызы кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Іс-шараға Сенат депутаты Бибігүл Аққожина, Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ, мемлекеттік органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, сарапшылар, ғалымдар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.
Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жаңа Конституция елдің стратегиялық даму бағытын айқындаған маңызды құжат екенін атап өтті.
15 наурызда өткен референдумда қабылданған жаңа Конституция мемлекеттің болашақ даму бағдарын нақтылап берді. Қостанай облысы тұрғындарының 90 пайызы бұл бастаманы қолдап, 435 мыңнан астам адам дауыс берді. Бұл – халықтың жаңғыруға, әділетті қоғам құруға деген сенімінің айқын көрінісі, – деді ол.
Оның айтуынша, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы елімізде жүргізіліп жатқан институционалдық реформалармен тікелей сабақтас. Өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен және әлеуметтік саладағы оң серпін қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға берік негіз қалыптастырады.
Сондай-ақ ол жаңа Конституция аясында Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесінің қызметі конституциялық заңмен реттелетінін айтып, мұның көпэтносты Қостанай өңірі үшін айрықша маңызға ие екенін жеткізді.
Әр этнос пен әр әлеуметтік топтың пікірін ескеру – тұрақтылық пен бірліктің кепілі. Қазақстан Халық Кеңесі осы міндетті жүйелі түрде жүзеге асыратын маңызды тетік болады, – деді Бақытжан Нарымбетов.
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ өз сөзінде жаңа Конституция қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтқанын ерекше атап өтті.
Президент Жарлығымен құрылған Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының құрамында жарты жылға жуық жұмыс істедік. Талқылау барысында түрлі пікірлер болды. Бірақ ең бастысы – ортақ ұстанымға келіп, ел болашағы үшін маңызды шешім қабылдай алдық. Ата заң – мемлекеттің алтын діңгегі, қоғам мен билік арасындағы сенімнің кепілі, – деді депутат.
Оның айтуынша, жаңа Конституция адам құқығы мен бостандығын, таңдау еркіндігін ең басты құндылық ретінде бекітіп, мемлекетті осы қағидаттарға кепіл болуға міндеттейді.
Сарапшылар жаңа Конституцияның ел тәуелсіздігін нығайтып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті. Іс-шара соңында ел дамуына, қоғамдық келісімді нығайтуға және жаңа Конституция қағидаттарын ілгерілетуге қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтарды марапаттау рәсімі өтті.