Қылмыс қалай жасалған?
Атырау облысында бір отбасы мүшелерінің қазасына қатысты қылмыстық істің жаңа мән-жайлары белгілі болды. Облыс прокурорының көмекшісі Жандар Болатбек тергеу барысы мен күдіктілерге қатысты ресми мәлімдеме жасады. Бұл туралы Qaz365.kz хабарлайды.
Қылмыс қалай жасалған?
Көпшілікті мазалаған «бір адам бірнеше адамды бір мезетте қалай өлтіруі мүмкін?» деген сұраққа прокуратура өкілі түсінік берді. Тергеу мәліметінше, күдікті құрбандарын бір уақытта емес, бірнеше күн бойы бөлек-бөлек өлтірген.
«Басты күдікті — Сәрсемалиевтің өзі. Оның бұл қылмысты жалғыз жасағаны, үшінші тұлғалардың қатысы болмағандығы бүгінгі таңда анықталып отыр. Ол әр отбасы мүшесін бір уақытта емес, бірнеше күннің ішінде қасақана өлімге ұшыратқан», — деді Жандар Болатбек.
Ақбаян Мұқанғалиеваның жағдайы
Іс бойынша күдікті ретінде танылған Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты әлі де сараптамалар жүргізілуде. Оның іс-әрекетіне құқықтық баға беру әзірге мүмкін болмай отыр.
Күдік сейілген жоқ: Ақбаян әлі де күдікті мәртебесінде.
Психикалық жағдайы: Оның психикалық күйі нақты анықталмағандықтан, тергеу соңғы қорытындыны күтіп отыр.
Сараптама: Барлық сот-сараптамалық қорытындылар дайын болғаннан кейін ғана оның ісіне нақты баға беріледі.
Қазіргі уақытта Ақбаянның туысқандарымен жүздесу мәселесі қарастырылмаған.
Жұмбақ кілт мәселесі
Тергеу барысында табылған «екінші кілтке» қатысты да тексеру жұмыстары басталды. Бұл факті бойынша прокуратура арнайы тапсырма берген.
«Тағы бір кілттің табылған фактісі бойынша қосымша сұрау, тексеру мәселелерінде тапсырма бердік. Қазіргі таңда екінші кілттің қайдан келгені тексеріліп, оған құқықтық баға беріледі», — деп толықтырды прокурор көмекшісі.
Әзірге Сәрсемалиевтен басқа кінәлі тұлғалардың қатыстылығы анықталмаған. Тергеу амалдары жалғасуда.