«Көшеде сақалсыз жүрсе, тәліптер жазалайды»: Жат жұрттағы қандасымыз Қазақстан елшілігінен нақты жауап алмағанын айтады

Qaz365.kz редакциясы

 Мұхаммед Насыр Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласында 1978  жылы дүниеге келген. Өзін этникалық қазақпын деп есептейді

коллаж Qaz365.kz

 Ауғанстандағы этникалық қазақтар жылдар бойы жырақта жүрсе де ана тілдері мен өз руларын ұмытпаған. Тіпті, арасында жеті атасына дейін білетіндері де бар. Сөздерінше, тарихи мекендеріне оралатын қандай бір күн туса, құстай ұшып келеміз дейді. Осылай деген Мазари-Шариф қаласының тұрғыны «Ауғанстандағы этникалық қазақпын» деген азамат Qaz365.kz тілшісіне сұхбат берді.

 Мұхаммед Насыр Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласында 1978  жылы дүниеге келген. Өзін этникалық қазақпын деп есептейді. Балалық-шағы Ауғанстандағы түлі соғыстар мен қақтығыстардың тұсында өткен. Содан кейін де мектеп оқымаған. Отбасылы, үш ұл мен жеті қыздың әкесі. Әйелі тәжік ұлтынан екен. Ұлы жүз ішіндегі Оймауыт руынан тараймыз дейді.

 «Ата-бабаларымыз атажұрттағы Қызылорданың Жосалысынан көшкен. Бәрінің де ұрпағын сақтау үшін жасаған әрекеті ғой. Біз Мазари-Шариф қаласының өзінде тұрамыз. Жеке кәсіппен айналысамыз. Отбасылық дүкеніміз бар. Жуырда трактор сатып алдық. Онымен жер жыртып, егін егуге пайдаланамыз. Балаларым  да өзіме көмектеседі. Қыздарым медрессе де оқиды. Онда Құран Кәрім мен шариғатты терең үйретеді. Ауғанстанда қыздарға мектепте оқуға рұқсат жоқ. Ал, медрессе де қанша оқимын десе де, ешқандай да шектеу болмайды», - дейді өзін қандас санайтын Мұхаммед Насыр.

         

Он баласы бар Мұхаммед Насыр марзаның ұлының үлкені 21-ге келсе, қыздарының алды 19-ға толған. Екі перзенті егіз.  

«Егінге техникамыз болса да, Ауғанстанда ұзақ жыл құрғақшылық белең алуда. Он жылдан бері елде жауын-шашын жоқ. Біз ешқайда қашпай жұмыс жасаймыз. Бос жатсақ, Алла да бермес! Жалпы ауған жері егін егуге өте жақсы еді. Қолымызда бірнеше жылқы да болды. Олардың жем-шөбінен қиналып, сатып жібердік. Хазарлар сияқты басқа да халықтар жылқы етін жемейді. Дүкеніміз де азық-түлік пен шаруашылыққа қажетті заттарды сатамыз. Тауарларды Мазардағы базарлардың бірінен әкеліп, үстіне азғантай тиын-тебен қосамын. Ауғанстанда азық-түлік те қымбат. Ұн Қазақстаннан келеді. 2500 ауғанимен (13 мың теңге – авт.) сатылады. Бір қап күріш 23 доллар (10 мың теңге – авт.) тұрады», - дейді 45 жастағы ер азамат.

          Сөзінше, Мазари-Шариф қаласында 50-дей қазақ отбасы бар дейді. Олардың көбісі руларымен бірге жеті атасына дейін білетін көрінеді.

  «Мұндағы қазақтардың басты арманы атажұртқа оралу. Қазақтар өздері сияқты өзбек, тәжік сынды халықтармен қыз алысып, қыз беріскен. Кабулдағы Қазақстан елшілігіне де барғанмын. Олар біздің тізімдерімізді жазып алған. Өздерінің алдағы уақытта хабарласатынын да айтты. Сол күйде үшті-күйлі хабар жоқ. Кабул мен Мазардың арасы 12 сағаттық жол. Бұрынғы биліктен қалған құжаттарымыз ғана қолымызда бар. Құжаттарымыздың да мерзімі біткен. Оны ауыстыру да біршама ауыр шығын. Қазіргі «Талибан» қозғалысы жаңадан құжат бермейді. Біздің тек Қазақстанға баруымызға ақшамыз жоқ. Елшілікке ақша берсек, бізді ертең-ақ жібереді ғой. Тек қана хабарласамыз деп шығарып салып жүр. Ары-бері сандалып жүріп, 500 доллардан да (200 мың теңге – авт.) айырылдым. Тәліптер бізді Қазақстанның елшілігінің алдынан көрсе, таяқппен ұрып қуады. Мазари-Шариф қаласында Қазақстан елшілігінің филиалы да бар. Бірақ  та олар Кабулға баруға жол сілтейді», - дейді жеке кәсіп иесі.

          Мұхаммед Назар мырзаның айтуынша, Ауғанстаннан қазақтар жұмыс іздеп Иран, Түркия басқа да елдерге жол асады екен.

   «Қазақстанда өзімізге кепіл болатын туыстарымыз бар. Әкемнің жиендерін де танимын. Бастысы елге оралсақ қой. Шақыру қағазымен алдыратын болса, әйелімізді не істейміз? Оны басқа ұлттан деп тастап, аштан өлтіреміз бе? Тіліміз де жанымыз да қазақпыз. Басқа өзбек пен тәжіктер де өз елдеріне көшіп жатыр. Бізде солай етсек екен. «Қазақстанға ертең келіңдер» десе, ұшып жетеміз. Мұндағы қазақтар бір-бірімізге көмек береміз. Бір-біріміздің техникаларымызды пайдаланамыз. Мазари-Шариф қаласында қазақтардан басқа хазар, өзбек, тәжік т.б. ұлттар тұрады. Әркім өз тарихи отанын аңсайды ғой. Көбінесе өзбек тілінде сөйлейміз. Жалпы алғандағы жағдаймыз осы», - дейді он баланың әкесі.

  Қандасымыз сақалын қазіргі билік тұсында өсіргенін айтады. Бұрынғы үкімет тұсында сақал өсіру міндетті болмаған. Бүгінде көшеде сақалсыз жүрсе, тәлпітер жазалайтынын айтады.

Бұған дейін сайтта Ауғанстандағы қандастар жайлы бірнеше материал жарияланған болатын. ҚР СІМ ресми өкілі қандастар шағымына байланысты пікір білдіргенін еске сала кетейік.

 

Қадірәлі САРЫПБЕК