×

“Халықтың жағдайы мүшкіл”: Ауғанстандағы қандасымыз Қазақстан үкіметінен жәрдем сұрайды

Ауғанстандағы этникалық қазақтар жағдайының нашар екендігін айтып жиі дабыл қағуда

“Халықтың жағдайы мүшкіл”: Ауғанстандағы қандасымыз Қазақстан үкіметінен жәрдем сұрайды
Фото: Qaz365.kz

Ауғанстандағы этникалық қазақтар жағдайының нашар екенін айтып жиі дабыл қағуда. Ата-бабалары бір ғасыр бұрын атажұртынан тағдыр тәлкегімен көшсе де, бүгінде олардың кейбір ұрпақтары ана тілдерін ұмытпаған. Qaz365.kz тілшісі сондай Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласында тұратын Хабиболла Қажы есімді азаматпен сұхбат жүргізді. Ол ауған жұртындағы қазақтардың шежіресін жазуды бастаған.

Хабиболла Қажы – 1961 жылы Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласында дүниеге келген. Мазари-Шариф қаласындағы 12 жылдық мектепті тәмамдаған. Қазір ол мал шаруашылығымен айналысады. Отбасылы. Үш ұл мен төрт қыздың әкесі. Үлкен ұлы инженер мамандығы бойынша Швеция мемлекетінде оқиды. Екінші ұлы Иранның Тебриз қаласында докторантурада оқыса, одан кейінгісі Иранның Мешхед қаласында магистратурасын оқуда екен. Үлкен қызы Мазари-Шариф қаласында тұрмыс құрған. Екі қызы Иранның Тебриз қаласында студент. Кенже қыздары қолында.

«Өзіміз де, жанымыз да қазақпыз. Қазағымды жанымнан артық сүйемін. Руымыз – оймауыт. Бір тамырым нағашыларым жақтан Қожа Ахмет Ясауи бабамызға да барады. Аталарымыз 1929 жылы Түркістанның Шаян ауылынан көшіп келіпті. Әке-шешеміз үйде қазақ тілінде сөйлесетін. Олар бүгінде өмірден өтіп кеткен. Алла оларды рахымына алсын! Әйтпесе,  Ауғанстанда қазақ тілі жоқ. Солардың арқасында ана тілімізді сақтап қалдық. Бізде парсы мен өзбек тілі кең қолданыста», - дейді сұхбат беруші.

Бүгінде Хабиболла қандасымыздың үлкен ұлының қайынағасы Шымкент қаласында тұрады екен.

«Ауғанстандағы жағдай нашар. Әрбір халықтың жағдайы мүшкіл деуге болады. Себебі жылы киім мен ыстық тамақ жоқ. Сіздер атажұртымызға оралуға жәрдем қылыңыздар. Балаларымыз өз мамандығымен атамекенімізде қызмет етсін. Олар да тарихи отанына оралуын қалайды. Сіздер қолдан келгенше жәрдем жасасаңыздар екен. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне біздің мәселемізді айтып, үнімізді жеткізуіңізді қалаймын. Құжаттарымыздың барлығын сіздерге жіберемін», - дейді жеті баланың әкесі.

Кейіпкеріміздің ұлдарына қарағанда қыздары қазақ тілінде жақсырақ сөйлейтін көрінеді.

«Мазари-Шариф қаласында 30-40 қазақ отбасы бар. Қазақтар мұнда басқалардай тығыз қоныстанбағанбыз. Әрқайсымыз қаланың әр бұрышында тұрамыз.

 Қолымызда қой мен сиыр бар. Ауғанстанда тұрақты жұмыс та жоқ. Төрт түлікті тамақ қылып, балаларға пұл қып отырған жайымыз бар. Қазақтар күнін әрең көріп жүр», - дейді 62 жастағы ер адам.

 Сөзінше, Ауғанстанда беделді қызметте болған қазақтар жайлы мүлдем естімеген.

«Қазақтар бір-бірімізбен қазақ тілінде сөйлесеміз. Қазақтар басқа өзбек сияқты ұлттарға қарағанда аз. Адам қайтыс болғанда елдегідей жетісі, қырқы, асы деген ұғым бізде де бар. Жылқының етін де жейміз. Пуштундар мен басқа халықтар жылқы етін жемейді. Тәліптер ондайымызды білсе, бізді оңдырмайды», - дейді ол.

Дегенмен де қандасымыз Ауғанстандағы Қазақстан елшілігіне бара алмаған.

«Қазақстанда үлкен ұлымның қайын ағасы тұрады ғой. Шымкент пен Түркістан қалаларында туыстарымыз бар. Олармен байланысып тұрамыз. Ауғанстаннан Қазақстанға көшіп кеткен таныстар да бар. Олар бізге көмектесе алмайды. Өздерінің де жағдайы мәз емес.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ауған қазақтарына шақыртуды міндет қылмаса екен. Қайта қазақтарды неге жинап әкетпеске? Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен жәрдем сұраймын. Өзім қазір Кабул қаласындамын. Әйелім барлық құжатымызды Мазари-Шарифтен алып келсе, Кабулдағы Қазақстан консулымен кездесуге тырысамын», - деп ол сөзін аяқтады.

Қадірәлі САРЫПБЕК

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Қуыршақ театрында «Шинель» қойылымының премьерасы ұсынылмақ
23.04.2024ж. 14:11

Қуыршақ театрында «Шинель» қойылымының премьерасы ұсынылмақ

Бұл айрықша есте қалатын қуыршақ образымен ерекшеленетін спектакль болмақ
Ақын, аудармашы Саят Қамшыгермен сұхбат

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →