Айзада Балмағамбетова: Қазақ жұртынан басымды иіп, кешірім сұраймын

Qaz365.kz редакциясы

"Бұл жерде баспахана мен газет редакторлары кінәлі, олар қателігін мойындады", - деді ол

ашық дереккөзден

Ақтөбе қаласында жергілікті мәслихат депутаттығына кандидат Айзада  Балмағамбетованың қазақша қате аударылған  үгіт-насихат постері қоғамда қызу талқыға түсті. Бірі оған «ең шыншыл кандидат» куәлігін беру керек деп есептесе, енді бірі «кездейсоқ емес, әдейі жасалған әрекет» деп бағалады.

Qaz365.kz редакциясы үміткер Айзада Балмағамбетоваға хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтап көрді. Үміткердің айтуынша, бұған баспахана мен газет редакторлары кінәлі. Олар да өз қателігін мойындаған. Алайда өзі де материалды қабылдап алғанда, дұрыс қарамағанын айтады. 

 

«Сайлау науқанындағы алғашқы үгіт-насихат материалының қате басылып шығуына байланысты қоғамдық резонанс пайда болды.

Тираждың «Диапазон Среда» газетінің жанындағы «Арсенал» баспаханасында басылғанын айтқым келеді.

Материалды қабылдап алу кезінде тексеріп алмағанымды мойындаймын, бірақ бұл мәселе тез арада реттелді. Депутаттыққа өзімді-өзім ұсынғандықтан, жалғыз жұмыс істеуге тура келеді.

Мен де сіздер сияқты халықтың арасынан шықтым. Үлкен командам, үлкен ресурсым жоқ. Бес жыл бойы халық үшін, елдің игілігі үшін еңбек еттім. Азды-көпті еңбегіме халқым мен көмегім тиген мұқтаж отбасылар баға бере алады.

Бұл жерде баспахана мен газет редакторлары кінәлі, олар қателігін мойындады.

Естеріңізде болса, 2020 жылғы праймеризде қазіргі депутаттар халық алдында мемлекеттік тілде ант бере алмаған еді», - деді ол.

.«Орыс тілінен тікелей аударма жасағандықтан, айтар ойым, мақсатым бұлыңғыр болып кетті» деген  үміткер  Балмағамбетова қате аударма үшін кешірім сұрап, желі қолданушыларын өзін дұрыс түсінуге шақырды. 

«Мен өз атымнан барша қазақ жұртынан кешірім сұрап, басымды иемін. Қарапайым халықтың арасынан шыққан адаммын. Мені де түсінуге тырыссаңыздар дер едім. Иә, мен орыс мектебін бітіріп, орысша ортада өстім. Бірақ менің жүрегім қазақ деп соғады. Мен ана тілімді құрметтеймін.

Тағы бір айта кетерлігі, орыс тілінен тікелей аударма жасағандықтан, айтар ойым, мақсатым бұлыңғыр болып кетті. Әйтсе де, бұл мен үшін үлкен сабақ!

Қателіктерден сабақ алу – алға ұмтылудың кілті.

Хайп қуып, қоғамды алдау – менің ісім емес екенін түсінсеңіздер деймін!» – деді Айзада  Балмағамбетова.