Жетісуда қандай ірі жобалар іске асады: Тоқаев облыс әкімін қабылдады

Qaz365.kz редакциясы
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен алдағы жоспарлары талқыланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әкімнің айтуынша, 2025 жылдың нәтижесі бойынша барлық негізгі мақсатты индикаторлар орындалып, облыс экономикасына 610 миллиард теңге инвестиция тартылған.

Облыста агроөнеркәсіп кешенін дамытуға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, Ақсу және Көксу қант зауыттарының қуатын 2 есеге арттыру арқылы өндірісті 950 мың тоннаға жеткізу көзделген. Сонымен қатар, 2027 жылға дейін құны 94,4 миллиард теңгені құрайтын 23 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Оның ішінде құс фабрикалары, мал бордақылау алаңдары мен жылыжай шаруашылықтары бар.

Инфрақұрылым саласында да ауқымды жұмыс атқарылуда. «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбырының арқасында өңірді газдандыру деңгейі 67,2%-ға жетті. Туризм бағытында Алакөл мен Балқаш жағалауларындағы инженерлік желілер жаңартылып, Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын жолдар жөнделіп жатыр. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында үш жаңа экопарк салу жоспарланған.

Кездесу соңында Президент Қытаймен шекаралас «Достық» бекеті мен «Қорғас» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін тиімді пайдалануды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі тау туризмі мен көл жағалауындағы демалыс орындарын дамыту жөнінде бірқатар нақты міндеттер жүктеді.