Украинаға қарсы соғысты деп 10 жылға сотталған қырғыз азаматының үкімі күшін жойды

Qaz365.kz редакциясы

Құбанышбекұлы соғысқа 2022 жылдың жазында аттанған, бірақ көп ұзамай әкесінің сырқатына байланысты еліне оралған

Courtesy Image

Мамыр айында Бішкектің Бірінші май аудандық соты Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін қырғыз азаматын 10 жылға соттаған болатын. Бүгін  Қырғызстанның Жоғарғы соты ол үкімді жойды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сот 30 жастағы Балықшы қаласының тұрғыны Асқар Құбанышбекұлының кассациялық шағымын ішінара қанағаттандырып, оның ісін қайта қарауға жіберді. Бұл туралы «Азаттық» радиосының қырғыз қызметі хабарлады.

Құбанышбекұлы соғысқа 2022 жылдың жазында аттанған, бірақ көп ұзамай әкесінің сырқатына байланысты еліне оралған. 

2023 жылдың қысында ол ұсталып, бөтен елде соғысқа қатысқаны үшін жалдамалық бабымен 10 жылға сотталып, Бішкектегі түзету мекемелерінің бірінде жазасын өтеуге жіберілген еді.

Сотталушының адвокаты Ақынбек Авазбеков журналистерге берген сұхбатында соттан қорғауындағы азаматқа қатысты жалдамалылық бабын өзгертуді сұрағанын айтты.

Оның айтуынша, Құбанышбекұлы «Вагнер» жеке жасағымен келісімшартқа  отырмаған. Әскери бөлімшелердің бірінде бұйрық негізінде отан алдындағы борышын өтеген. Авазбеков сондай-ақ соттан қорғауындағы адамға пробациялық қадағалауды қолдануды сұрады.

Бұған дейін Ресейдің өкілетті тұлғалары сот шешіміне қарсы шығып, Құбанышбекұлына өткен датамен азаматтық беру мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтқан. Мәскеу Орталық Азиядағы серіктесіне қысым жасап, Ресей жағында соғысқан азаматты босатып алуға тырысқан еді.