«Ақшаны елге қайтаруға қарсы топтар пайда болды: Бапи қызметтен кеткен прокурор Байжановты қолдап сөйледі

Qaz365.kz редакциясы

Депутаттан журналистер сұрағына жауап берді

Qaz365.kz коллажы

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи таяуда ғана қызметінен кеткен Бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжановты қолдап сөйледі, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Байжанов заңсыз активтерді қайтарудың жоспарын жасаған жігіт. Ал енді алды да, ол жігітті алып тастады. Бәлкім, бір есептері бар шығар. Қалай болғанда да елге қайтару мәселесі бойынша заң жобасын жасаған сол жігіт. Сұлбасын жасап, Парламентте қорғап шыққан сол жігіт болатын. Мен ол азаматты көп біле бермеймін, бірақ сұхбаттарынан, сөзінен, риторикасынан оның әділетсүйгіш, ұлтқа қызмет етуге мүдделі азамат екенін білдім», - дейді Ермұрат Бапи.

Депутаттың айтуынша, Ұлан Байжанов халықаралық банк жүйесін жақсы білетінін, Самұрық-Қазына қорында қызмет еткенін, ең бастысы Қазкоммерцбанкке сауыстыруға деп аударылған триллиондардың ізін, транзакцияларды білетін адам болған.

«Қайтып қызметіне келмейді деп ойлап тұрған жоқпын. Бірақ өз ойымша, билік басында елге қайтару мәселесіне салғырт қарайтын бір мүдделі топтар пайда болған», - дейді ол.

Депутаттан журналистер «яғни заңсыз активтерді қайтаруға кедергілер басталды деп ойлайсыз ба?» деген сұрағына «әлбетте» деп жауап берді.

«Үш айдан бері тиісті өкілетті орган құрылмаса, комиссия құрылмаса... Оның үстіне тапсырманы беріп отырған президенттің өз бастамасы болса, оған тиісті өкілетті органдар осы уақытқа дейін салғырт қарасаң, активтерді елге қайтаруға қарсы топтардың бар екенін білдіреді», - дейді ол.