Тина Канделакидің Қазақстанға кіруіне тыйым салынды

Qaz365.kz редакциясы

Ол осы күнге дейін СІМ-нің бұл мәселеге қатысты неге үн қатпағанын түсіндірд.

Qaz365.kz коллажы

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ресейлік тежүргізуші Тина Канделакидің елге кіруіне тыйым салынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бүгін тілшілердің бірі брифингте: «Ресейдің белгілі тележурналисі Тина Канделаки Қазақстан туралы соңғы айтқанынан кейін елге кірмейтін азаматтар тізіміне қосыла ма?» деп сұрады.

«Тізім – әрбір мемлекеттің ішкі шарасы. Сізге біреу ұнамаса, өз үйіңізге кіргізбейсіз ғой. Тура сол сияқты біз де кіргізбейміз. Мемлекет ондайды ешқашан кешірмейді. Тина Канделаки Қазақстанға келген жағдайда кірмейді», - деді Айбек Смадияров.

Сондай-ақ ол осы күнге дейін Сыртқы істер министрлігі бұл мәселеге қатысты неге үн қатпағанын түсіндірді.

«Қоғам өзі енді жауап берді ғой. Бір апта қызу талқыланды. Оған не қосайын енді? Өз есесін алды ғой. Ең өкініштісі, солай айта беретін шетел азаматына жауап бере берсек, онда өзіміздің қанша ішкі мәселе қалып қалады. Соған көңіл бөлейік. Сырттан біреу ананы айтты, мынаны айтты деп назар аудара берсек, уақытымыз да жетпейді. Екінші мәселе, көрші елдегі азаматтардың біздің елді білмейтіні адамды кішкене өкпелетеді. Өйткені біз туралы ақпарат дұрыс емес. Біздің елге, қалай өмір сүріп жатқанымызды келіп көрсін. Ойдан шығарып жаза бергенше, әлеуметтік желіде қырылысқанша, өзіміздің жұмысты ары қарай жалғастырайық», – дейді ресми өкіл.