«Үкімет батыл әрі тиімді қадамдар жасайды»: Жаңа Премьер-министр қандай өзгерістер істейтінін айтты

Qaz365.kz редакциясы

Ол депутаттарға ризашылығын білдірді

Фото: gov.kz

Еліміздің су жаңа Премьер-министрі Олжас Бектенов Мәжілісте қандай өзгерістер істейтінін айтты, деп  хабарлайды Qaz365.kz.

«Менің кандидатурамды қолдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуда бірқатар ауқымды тапсырма берді. Аталған тапсырмалардың барлығы мүлтіксіз орындалады. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер дәуірінде зор экономикалық серпіліс жасауымыз керек. Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында Үкімет батыл әрі тиімді қадамдар жасайды», – деді Олжас Бектенов.

Ол осы ретте қандай салалар басты назарда болатынын атады:

- Өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беріледі.

- Мұнай-газ және көмір химиясы, металды терең өңдеу, машина жасау, яғни жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын салаларды барынша дамытамыз.

- Отандық өндірісімізді ынталандыруға бағытталған нақты шаралар қабылданады.

- «Қазақстанда жасалған» тауарлардың үлесін арттырып, оларды өндірушілерді қолдау мақсатында офтейк жүйесін іске қосамыз. Басты мақсат – басқа елдің емес, өзіміздің ұлттық бизнесімізді қолдау.

- Ауыл шаруашылығы саласының зор әлеуетін дұрыс пайдалану маңызды. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өндіруге назар аударамыз.

- Электр қуаты, жылу және сумен қамтамасыз ету мақсатында белсенді жұмыс атқарамыз. Тиімсіз шығындарды қысқартып, үнемделген қаражат инфрақұрылымды жаңартуға жұмсалады.

- Көлік-логистика саласын дамытып, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру Үкімет жұмысындағы басымдықтардың бірі болады.

- Цифрландыру, жасанды интеллекттің қолдану саласын кеңейту, есептеу қуаттарын ұлғайту – аса маңызды міндеттер.