«Қорқынышты мәселе»: Депутаттар Мәжілісте Салтанат Нүкенованың жантүршігерлік өлімін еске алды

Qaz365.kz редакциясы

Мәжілісмендер заң жобасына түзетулерді қабылдады

Фото: Instagram/aitym

Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтуға түрткі болған Салтанат Нүкенованың өлімін еске алды.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қорқынышты мәселе, оған статистика бойынша әйелдер мен балалар жиі ұшырайды. Жыл сайын Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан жүздеген азамат қайтыс болады. Бұл мәселе Мемлекет басшысының бақылауында. Салтанат Нүкенованың жантүршігерлік өлімі қоғамда наразылық толқынын тудырды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтуды қолдайтын онлайн петиция жарияланып, оған 150 мыңнан аса қол жиналды», – деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың петицияны қолдап, қазақстандықтардың пікірі ескерілетініне уәде бергенін атап өтті.

«Осының негізінде бүгінде заң тағы да қатайтылды, енді дене жарақатын келтіру және денсаулыққа жеңіл зиян келтірумен байланысты қылмыстарға жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен Қылмыстық кодекске ауыстырылды. Осылайша, ұрып-соғу, тіпті денсаулыққа жеңіл зиян келтіру деректері Қылмыстық кодекс аясында қаралады», – деді депутат.

Айта кетейік, әйелдердің құқығын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасы, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың көптеген түрлерін қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейді.