Кәрім Мәсімов расымен жазасын түрмеде өтеп жатыр ма – ІІМ жауап берді

Qaz365.kz редакциясы

Кәрім Мәсімов 18 жылға бас бостандығынан айырылған еді

Фото: ашық дереккөзден

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов қазір түрмеде жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

БАҚ өкілдері министрге «Кәрім Мәсімов жазасын қайда өтеп жатыр? Ол емін-еркін бір іс-шарада жүр деген ақпарат бар. Бұл мәлімет рас па? Ол қайда, жазасын қалай өтеп жатыр? Неге видео, фото жоқ?» деген сұрақтар қойды.

Министр қысқа жауап берді.

«Ол сотталған, түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Оны неге көрсетуіміз керек? Колонияға кірудің өз рәсімі бар. Адам құқығына қатысты бюро бар», – деді Сәденов.

Айта кетейік, 2023 жылғы 23 сәуірде ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 18 жылға сотталған еді. Оның мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салынды.