«Экс-министр Тұрғымбаевтан жауап алынды»: Бас прокуратура мәлімдеме жасады

Qaz365.kz редакциясы

Экс-министрден қаңтар оқиғалары бойынша жауап алынған

Фото: ІІМ баспасөз қызметі

Бас прокуратура экс-министр Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты ресми ақпарат жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұған дейін телеграм-арналарда бұрынғы ішкі істер министр Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық істің қозғалғаны туралы ақпарат тарады. Бас прокуратура экс-министрден қаңтар оқиғалары бойынша жауап алынғанын хабарлады.

Ведомство мәліметінше, 2022 жылдың басынан бастап Бас прокуратура қаңтар оқиғалары кезеңінде құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етпеуге, сондай-ақ азаматтарға азаптауды қолдануға байланысты күш органдарының қызметкерлеріне қатысты тергеп-тексерулерді жалғастырып жатыр.

«Оларды жасағаны үшін соттармен облыстық полиция және ұлттық қауіпсіздік органдарының бірқатар басшылары мен қызметкерлері сотталды. Жүргізіліп жатқан тергеп-тексерулер шеңберінде Ішкі істер экс-министрі Е. Тұрғымбаевтан жауап алынды», - делінген құзырлы орган хабарламасында.

Сондай-ақ Бас прокуратура Алматы облысы Қарасай ауданы Қошмамбет ауылында орналасқан арнайы қабылдау жағдайында ұсталған азаматтарға азаптауды қолдану туралы іс бойынша дәлелдемелер жинады.     

«2024 жылдың 16 наурызында осы қылмысты жасағаны үшін Қарасай ауданының арнайы қабылдау орыны және полиция басқармасының бұрынғы басшылары қамауға алынды.

Бұдан басқа, қызметтік атыс қаруын ұрлау фактілері бойынша Талдықорған қаласы полиция басқармасының бұрынғы басшылығына қатысты тергеп-тексеру жалғасуда», – делінген хабарламада.