Депутат Ерлан Сайыров пікір білдірді
Мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті басып алуға тырысқаны үшін сотталған ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов кешірім жасау туралы өтініш білдірген болатын. Осыған қатысты Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Ешқандай ресми ой емес. Менің ойымша, «Отанға опасыздық» деген бап бойынша ешқандай рақымшылық жасауға болмайды. Екінші үлкен мәселе – қазір геосаяси жағдай өте күрделі. Мысалы, олар бүгін рақымшылық алып, ертең шетелге кетіп қалатын болса, олардың Қазақстан мемлекетіне қарсы жұмыс істемесіне кім кепіл? Өйткені, Кәрім Мәсімовтың қаржысы қайтарылған жоқ. Олардың миллиардтаған долларлары шетелдегі банктерде жатыр. Олар өте бай адамдар. Сондықтан менің ойымша, бұл жерде өте жіті қарау керек және мемлекеттің мүддесі тұрғысынан шешім қабылдау керек», – дейді Ерлан Сайыров.
Айта кетейік, былтыр 23 сәуірде ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 18 жылға сотталған еді. Үкімді Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шығарған. Оның мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салынды.
Еске салайық, жуырда Кәрім Мәсімов президенттен рақымшылық жасауды өтінгені туралы жазған едік.