Өзімді осындай жағымсыз жайттарға дайындап келдім.
«Қазақ аруы-2024» атағына ие болған қызылордалық Ақкербез Ысқаққызы байқау кезінде қандай қиындықтарды өткергенін айтып берді. Бұл туралы ол KAZ.NUR.KZ сайтына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Негізі бізге басында «Халық өзі таңдайды» деп айтылды. Содан бастап менде уайым болды. Себебі мені туған-туыстарымнан басқа ешкім танымайды. Әлеуметтік желілерім де дамымаған. Ал арамызда блогер қыздар болды. Содан шамалы қорқа бастадым. Мен де Tik-Tok-тағы парақшама видеолар салып, белсенділігімді арттырдым. Содан кейін халық мені танып, ұната бастады. Солай бойымда бір сенмділік ұялады. Мені қолдайтын адамдар өте көп болды. Сол себепті менде ондай қорқыныш болған жоқ. Ең қатты уайымдатқан сәт – сұрақ-жауап кезеңі болды. Мейлі, тәжді алмай кетсем де, сұрақ-жауапты абыроймен алып шықсам деп ойладым. Сұрақ-жауапқа шыққанда ішімнен сүрелерді тоқтамай оқып тұрдым. Мен білетін сұрақ келгенде Аллаға шүкіршілік жасадым», – дейді «Қазақ аруы» Ақкербез.
Ақкербездің айтуынша, байқауға дайындық екі айға созылған. Ол байқаудағы қарсыластарымен конфликтке келген кездері болмағанын да айта кетті.
«Бұл байқауға екі ай дайындалдық. Ең есте қаларлық сәт, Шарын шатқалындағы түсірілім болды. Ол екі күнге жалғасты. Өте суық болды. Тоңғанымыздан мүлде денемізді сезбей қалдық. Негізі қыздар да жақсы болды. Бірақ келіспеушілік деген нәрсе барлық жерде болады ғой. Әйел адамдардың арасында ол міндетті түрде болатын нәрсе. Нақты өзімде ешкіммен ұрыс-керіс болмады. Бәрімен жақсы қарым-қатынаста болдым», – дейді «Қазақ аруы» Ақкербез.
Сондай-ақ жеңімпаз қыз әділ өтпеді деген пікірлердің болатынын алдын-ала сезген, жеңімпаз болған жағдайда хейтке дайын болғанын жеткізді.
«Сөздің ашығы, байқау әділетті өтпеді деген қауесеттер жыл сайын болатын әңгіме. Қазылар алқасы болса, «сатып алды» дейді. Халыққа таңдау беріп тұр. Сонда да боттарды бұғаттап тастады деп жатыр. Мен де басқа қыздар секілді сахнаның артында уайымдап тұрдым. Маған да таныстарым, достарым жазды. «Бот жұмыс істемей жатыр, дауысымызды қабылдамай жатыр» деп айтты. Мен де қатты уайымдап кеттім. Бірақ Алланың қалауымен маған бұйырып тұрған тәж болып тұр. Арттан әңгіме айту, әділ болмады деп айту, хейт деген нәрсеге дайын болдым. Өйткені, мен «Сыр аруы» атанғанда да маған хейт келді. Өзімді осындай жағымсыз жайттарға дайындап келдім. Барлық қыздардың көңілі түсетіні анық. Оларды түсінемін. Оған дейін еңбектендік, бірге дайындалдық. Ол кісілерге айтар қарсы пікірім жоқ», – дейді «Қазақ аруы» Ақкербез.
«Қазақ аруы-2024»
«Қазақ аруы-2024» байқауының жеңімпазын анықтау үшін дауыс беру қайта басталатынын бұған дейін жоба продюсері Баян Мақсатқызы Instagram-дағы парақшасында жазған еді. Қайта дауыс беру нәтижесінде Қызылорда облысының тумасы Ақкербез Ысқаққызы қайтадан жеңімпаз атанды.
Ақкербезді 87 мыңнан астам дауыс берушінің 30.5 мыңы қолдаған. Екінші орынды 23.1 мың дауыспен Назерке Мырзағалиева жеңіп алды. Үшінші орыннан 10.1 мың дауыспен Ақерке Серікжан көрінді.
«Қазақ аруы-2024» байқауының жеңімпазын анықтау кезінде бұған дейін провайдерде ақау пайда болған. Сол себепті нәтиже дұрыс шықпаған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ұйымдастырушылар 16 қараша күні дауыс беруді қайта өткізген.
Қайта дауыс беру кезінде Қызылорданың аруы титулын сақтап қалды.
“Қазақ аруы” байқауының нәтижесі бұған дейін анықталған еді. Жеңімпазды халық дауыс беру арқылы таңдаған. Қызылорда облысының тумасы, 17 жастағы Ақкербез Ысқаққызы “Қазақ аруы-2024” атанған. Оған тәж және арнайы шапан кигізілген. Дауыс берушілердің 30,04%-ы Ақкербезге дауыс берген.
Байқаудың екінші және үшінші орны бірінші дауыс беру кезінде Алматы қаласының арулары Ақерке Серікжан мен Назерке Мырзағалиеваға бұйырған.