«Димашты көріп шаршағанымыз басылып қалды»: құлсарылықтар қолдауға келген әншіге алғысын айтты

Qaz365.kz редакциясы

Әншінің Құлсарыда жүргенін әуелі Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлаған

Фото ТЖМ

Әнші Димаш Құдайберген Ақтөбе облысынан кейін Атырау өңірі Құлсары қаласына барып, халыққа қолдау білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әншінің Құлсарыда жүргенін әуелі Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлаған. Әлемге әйгілі әнші құтқарушыларға алғысын айтып, су тасқынының салдарымен күрескен азаматтармен фотосуретке түскен. Димашты көргендер оны ұялы телефонына түсіріп, ырзалығын айтады.

— Димаш құрдасым келіп қалды. Сені көріп шаршағаным, белімнің ауырғаны басылып қалды. Саған Алла разы болсын, — дейді құлсарылықтардың бірі.

Димаш оған жауап ретінде рахметін айтады. 

— Ел аман, жұрт тыныш болсын. Бүкіл қайғылы күндер осымен кетсін, — дейді әнші.

Әнші кеше «Демеу Қазақстан» қайырымдылық қорына 15 млн теңге көлемінде қаржылай көмек аударған еді. 

Ақтөбеге Димаш кеше барып, № 40 орта мектептегі эвакуациялық пунктке бас сұққан. Онда тұрғындармен кездескен.

Сонымен бірге гуманитарлық көмек орталығындағы жұмыспен танысқан. Онда еріктілер күні-түні жұмыс істеп жүр.