Түрмеде отырған Данат Намазбаевтың анасы өмірден өтті: қоғам белсенділері билікке талап қойды

Qaz365.kz редакциясы

Данаттың жерлеуден кейін қайта оралуына кепіл болуға дайын азаматтар аз емес деп ойлаймын

Фото: Facebook/ Данат Намазбаев

Қоғам белсендісі Макс Бокаев билік өкілдеріне түзеу мекемесінде отырған Данат  Намазбаевқа дүниеден өткен анасының жерлеу рәсіміне баруға рұқсат беруін сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Өз жазбасында Бокаев ананың қазасы – кез келген адам үшін ауыр қайғы екенін атап өтіп, Данаттың жақын адамымен қоштасуға толық құқығы бар екенін айтты. Сондай-ақ ол қоғам өкілдері Данаттың жерлеу рәсімінен кейін мекемеге қайта оралуына кепіл болуға дайын екенін жеткізді.

Данаттың жерлеуден кейін қайта оралуына кепіл болуға дайын азаматтар аз емес деп ойлаймын, – деп жазды Бокаев.

Ол ҚР Ішкі істер министрлігін, Алматы облысының прокуратурасын, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мен департаментін белгілеп, бұл мәселені қарастырып, Данатқа анасымен қоштасуға мүмкіндік беруге шақырды. Әлеуметтік желіде бұл жазба кең қолдау тауып, қолданушылар бастаманы құптап, тиісті органдардан әділ шешім қабылдауды талап етуде.

Айта кетейік, қоғам белсенділері Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаев 2022 жылы «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген желеумен әрқайсысы 5 жылға сотталып кеткен еді.  Екі белсенді желіде ресейлік шенеуніктердің Қазақстан жайлы айтқан сындарына қарсы пікір білдіріп, Қазақстанның Ресеймен интеграциясына қарсы шыққан және Ресейдің Украинаға басқыншылығын сынаған еді.

2023 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи Қазақстанның Жоғарғы сотынан Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты Сот Үкімін қайтадан қарауға, оларды түрмеден босатуға пәрмен беруді сұраған еді.