Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуға арналған емтихан тапсыру процедурасына маңызды өзгерістер енгізіледі. Үкіметте өткен кеңесте бекітілген жаңа шараларға сәйкес, бұрынғы «үш талпыныс» шектеуі алып тасталады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жаңа ереже бойынша, азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды ақылы негізде шексіз тапсыра алады. Тек әр талпыныс арасында кемінде 10 күндік үзіліс сақталуы тиіс. Қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша азаматтарға үш тегін мүмкіндік беріліп, одан өтпеген жағдайда қайта оқуға мәжбүр болатын. Үкімет бұл қадам сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, куәлікті заңсыз жолмен алу әрекеттерін тоқтатады деп есептейді.
Сонымен қатар, Астанада Ұлттық тестілеу орталығының базасында пилоттық жоба іске қосылады. Емтихан барысында жасанды интеллект, толықтырылған шындық (AR) және компьютерлік көру (Computer Vision) технологиялары қолданылмақ. Бұл жүйелер микроқұлаққап немесе шпаргалка пайдалану сияқты заң бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді. Ереже бұзғандар бір жыл мерзімге емтихан тапсыру құқығынан айырылуы мүмкін.
Реформа автомектептердің жұмысына да әсер етеді. Енді олардың қызметін лицензиялау және дайындық сапасы төмен мекемелердің лицензиясын қайтарып алу көзделіп отыр. Барлық цифрлық жүйе «маңызды ақпараттандыру объектілері» тізіміне енгізіліп, жүйеге заңсыз араласқандарға қылмыстық жауапкершілікке дейін жаза қолданылады.