Қайырымдылық марафонынан түскен қаражат инклюзивті білімге жұмсалады

Qaz365.kz редакциясы

Қайырымдылық мақсаттағы марафонымызға  3000 қатысушы тіркеліп, 250 млн теңге қаражат жиналды

Пресс-служба акима Астаны

Елорданың  Ботаникалық саябағында “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы  және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен Charity Samruk Marathon қайырымдылық марафонына 3000- ға жуық адам қатысып, рекордық көрсеткішке жетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Биылғы марафонға қатысушылар саны жылдағыдан көп болды. Инклюзивті білім беруге әуесқой және кәсіби желаяқтар өз қолдауын көрсетті.  

«Бүгінгі қайырымдылық мақсаттағы марафонымызға  3000 қатысушы тіркеліп, 250 млн теңге қаражат жиналды. Бұл қаржыны Ақтөбе облысында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған 10 инклюзивті кабинет ашуға жұмсаймыз. Бұған дейін біз республика көлемінде 15 инклюзивті кабинет ашқан болатынбыз. Алда жоспарларымыз көп», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Аталған инклюзивті кабинетте логопед, дефектолог, психолог мамандар жұмыс істейді. Сондай-ақ шеберханалар мен ЛФК залдары бар. Олар балалардың толыққанды дамуы мен білім алуы үшін, барлық қажетті құралдармен жабдықталған.

«2021 жылдан бері жүгіруді қолға алып келемін. Бүгін 88-марафоныма қатысқалы жатырмын. Charity Samruk Marathon-ның басты ерекшелігі - жүгіру арқылы салауатты өмір салтын ұстанып қана қоймай, қайырымдылыққа  да үлес қоса алатынымда. 1 мамыр күні ғана қалалық жүгіріске қатысқанмын. Сондықтан бүгін 5 шақырым қашықтықта бағымды сынадым», - дейді елорда тұрғыны Елеусіз Пардабай.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл марафон бағдарламасы кеңейтілген. Яғни, 2,5 км, 5 км және 10 км қашықтыққа жүгіру, сондай-ақ 2,5 км скандинавиялық жүріс қамтылды. 

Марафон соңында жеңімпаздарға медальдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, марафонға қатысушылар мен қонақтар үшін тақырыптық аймақтар, шеберлік сабақтары және балаларға арналған түрлі белсенділік шаралары ұйымдастырылды.