"Үкімет мәселемізді шешпесе, Астанаға қайта барамыз": Маңғыстауға бара жатқан мұнайшылар мәлімдеме жасады

Qaz365.kz редакциясы

Олар станциялардың бірінде видеомәлімдеме жасады

Видеодан кадр

Астанадан Маңғыстауға пойызбен қайтып бара жатқан мұнайшылар Үкімет жұмыссыздық мәселесін шешпесе, Астанаға оралуға дайын екенін мәлімдеді. 13 сәуірде олар станциялардың бірінде видеомәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

“Үкімет басшылары талаптарыңызды орындаймыз деп уәде берген соң сапарға шықтық. Бір тәулік бойы жолда келеміз. Алайда Астанада қалған өкілдерімізден және Үкімет басшыларынан еш хабар болмады. Оң нәтиже болмаса, Астанаға қайта баруға дайынбыз. 14 сәуірде Маңғыстауда боламыз. Соған дейін шешім қабылданбаса, Астанаға қайтуға дайынбыз. Талап орындалсын!” – деп мәлімдеді жұмысшылар.

11 сәуірде кешкісін полиция Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласынан тұрақты жұмыс беруді талап етіп, Астанаға арнайы келген ондаған мұнайшыны энергетика министрлігі алдынан күштеп көлікке салып, полиция бөлімдеріне алып кеткен. Түні бойы полицияда болған мұнайшылардың көбі 12 сәуірде таңертең Астанадан пойызбен Маңғыстауға қайтқан. Мұнайшылардың 10 өкілі Астанада қалып, 13 сәуірде күндіз "ҚазМұнайГазбен" келіссөзді жалғастыратыны хабарланды.