Алтайда Ленин ескерткішін қалпына келтіруге қарсы петиция пайда болды

Бауыржан Карипов

Құжатта «Қазақстан Тәуелсіз мемлекет, оның өзіндік тарихы мен мәдениеті бар» деп жазылған

Алтайда Ленин ескерткішін қалпына келтіруге қарсы петиция пайда болды, деп хабарлайды Qaz365.kz
Петиция Лениннің зорлық-зомбылықтың жақтаушысы болғаны, орнына ескерткішін орнатуға болатын қазақтың қаншама тұлғалары бары айтылған.

«Мен ШҚО, Алтай қаласында Ленин ескерткішін қалпына келтіруге қарсымын. Ленин өмір бойы кез-келген келісімге келу идеясын түбегейлі жоққа шығарған. Кез-келген проблеманы шешуде зорлық-зомбылықтың негізгі жақтаушысы болды. Ол КСРО-ны көптеген халықтардың, соның ішінде қазақ халқының сүйегі мен қанынан тұрғызды. Бұл ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс, депортация, Семей полигонындағы ядролық сынақтар, құрғақ Арал және тағы басқа апаттар», - делінген петицияда.


Құжатта «Қазақстан Тәуелсіз мемлекет, оның өзіндік тарихы мен мәдениеті бар» деп жазылған. 
 

«Көптеген ақындар, жазушылар, ғалымдар, батырлар, хандар бар, олар халық жадында мәңгілікке лайық, біздің мемлекетіміздің құрылуына, нығаюына және дамуына ықпал еткен тұлғалар», - делінген петицияда.


Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Алтай қаласында әкімдік алдында тұрған Лениннің ескерткішін тракторшы абайсызда құлатып алған еді. Кейін ескерткішті жаңғыртуға жауапты болған кәсіпкер өз қаражатымен оны орнына қайта қоятынын мәлім етті. Ал облыстық полиция департаменті осы оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын жариялады.