Диасқа рақмет: Бір топ Мәжіліс депутаты блогерді қолдап Бас прокуратураға хат жолдады

Qaz365.kz редакциясы

Құзайыров кеше кешке youtube арнасында үндеу жариялады

Qaz365.kz коллажы

Депутат Қазыбек Исаның хабарлауынша, мемлекеттік орында мемлекеттік  қызметкерден мемлекеттік тілді талап етіп,  Конституциялық заңдылықты  қорғаған Диас Құзайырға қылмыстық іс қозғау емес, керісінше алғыс айту керек, деп хабарлайды Qaz365.kz

“Конституцияны бұзып отырған, мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлерге шара қолданатын кез келді! Біз, кеше бір топ Парламент депутаттары Диас Құзайырға Риддер қалалық әкімшілігі мен ішкі істер басқармасынан жасалып жатқан заңсыздықтарды тексеріп, іске әділ қарау үшін ҚР Бас прокуроры Б.Асыловқа хат жолдадық! Мемлекеттік тілді қорғағандарды мемлекет те қорғауы тиіс”, - деп жазды Қазыбек Иса.


Еске сала кетейік, Риддерге барған Диас Құзайыров, Әділжан Абдіғалиев пен Әділ Юсуповтың қаладағы жалғыз қазақ мекттебі «Шаңырақтың» мәселесін көтерген. БАҚ-тың жазуынша, Риддер әкімдігінің төрт қызметкері олардың үстінен арыз жазған. Бұл ақпаратты үкіметтің баспасөз орталығында Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев растап, іс бойынша филологиялық сараптама тағайындалғанын хабарлаған еді.
Ал Құзайыровтың  өзі кеше кешке youtube арнасында үндеу жариялады.