Ақ халаттыларды сыйлайық – соққыға жығылған жүргізуші үндеу жасады

Qaz365.kz редакциясы

Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі қазақстандықтарды медицина қызметкерлерін сыйлауға шақырды

Видеодан скриншоттар

Қарағандыда белгісіз ер адамның әрекетінен зардап шеккен жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Барша Қазақ еліне рақмет! Сіздерден өтініп сұрайтыным, ақ халатты жандарды сыйлайық! Бәріміз де  халық үшін қызмет етіп жүрміз ғой, сіздердің амандықтарыңыз үшін. Мәселен үй алаңқайларына келгенде бір-бірімізге түсіністікпен қарайық. Өйткені адамның өмірін құтқаруға әрбір минут, әрбір секунд кәдімгідей маңызды рөл атқарады. Соны дұрыс жағынан түсінейік. Қолдауларыңызға рақмет! Қарағанды қаласында мені бәрі «Әппақ Төреш» ретінде таниды. Аман болайық, бар болайық, қазағымыз аман болсын», – деді зардап шеккен "жедел жәрдем" көлігінің жүргізушісі Төреғали Берікқалиұлы.

Соққы алған жедел жәрдем жүргізушісі неврология бөліміне жатқызылды. Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Ажар Ғиният "жедел жәрдем" жүргізушісіне мидың шайқалуы, мұрын сынуы, қабырғаның жабық сынуы және көздің гематомасы сынды диагноз қойылғанын хабарлады.

Еске салайық, өткен аптада Қарағандыда көпқабатты үйлердің бірінің ауласында шақыруға келген жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін белгісіз бір ер адам соққыға жығып, дене жарақатын келтірген. Полицейлер төбелескен адамның кім екенін анықтады. Қазіргі уақытта шабуыл жасаған адамды ұстау жұмыстары жүргізілуде.