«Ертіс орманының» басшысы қамауға алынды – Антикор

Qaz365.kz редакциясы

Оның пара алғаны анықталды

Фото: ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты басшысының пара алғаны анықталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Павлодар облысы бойынша басқармасы резерват басшысының пара алғанын анықтаған. Ол кәсіпкерлерге орманды заңсыз кескені және сатқаны үшін пара алудың қылмыстық схемасын ұйымдастырған. Биыл 26 қаңтарда тергеу сотының санкциясымен резерват басшысы 2 ай мерзімге қамауға алынды», – делінген Антикор хабарламасында.

Сондай-ақ резерваттың 5 есепшісінің үстінен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Олар 2021-2023 жылдар аралығында өздерінің банк картасының шоттарына, сондай-ақ мекеменің жұмыс істеп тұрған және бұрынғы қызметкерлерінің шоттарына жалақыны есептеу және аудару арқылы 25 млн теңге жымқырған.

Келтірілген материалдық залал ішінара өтелді.

Тергеу жалғасып жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды.