"Тыныштық сақтауды сұраймыз": Қорғаныс министрлігі үндеу жасады

Qaz365.kz редакциясы

Министрлік қазақстандықтарға үндеу жасады

Фото: gov.kz

Қорғаныс министрлігі 13 наурызда өтетін шеруге байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындық бағдарламасы шеңберінде 13 наурызда Ақмола гарнизоны әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері Астана маңындағы белгіленген аудандарға жауынгерлік техникамен марш жасайды.

"Іс-шара гарнизон әскери бөлімшелері күштері мен құралдарының жауынгерлік әзірлігін кешенді тексерудің кезекті кезеңіне бағытталған. Бұл уақыт аралығында елорданың маңында, сондай-ақ Қарағанды тасжолында әскери техника легі өтіп бара жатқан кезде жолдарда көлік құралдары қозғалысының уақытша шектеулері енгізілуі мүмкін екенін хабарлаймыз.

Осыған байланысты азаматтардан өтіп жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарауды және тыныштық сақтауды сұраймыз. Сонымен қатар әлеуметтік желілерді пайдаланушылардан әскери техниканың қозғалысы туралы жалған хабарламалар мен бейнематериалдар таратпауды және тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз", – делінген хабарламада.