Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл мәліметті растап отыр
Утильалымға қарсы петицияға қол қойғандар саны 50 мыңнан асты, енді оны ресми орган қарайды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
E-Petition.kz ресми порталында жарияланған, утилизациялық алымға қарсы петиция қаралуына қажетті қол санын жинады.
Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл мәліметті растап отыр.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 90-4 бабына сәйкес 50 мың қол жиналған петиция қарау үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне беріледі.
Заңға сәйкес, келіп түскен өтініш тіркеген сәттен бастап 40 күн ішінде қаралуы керек.
– Петицияны қарау барысында Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комиссияның жұмысын ұйымдастырады, оған мүдделі тараптардың, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді. Петицияда көтерілген мәселелер осы комиссия шеңберінде заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады, - деп түсіндірді ведомствода.
Шетелдік көліктерді елге кіргізгені үшін иелерінен алынатын утилизациялық алымға қарсы жүздеген адам Астанаға жиналған еді. Олардың талабы бұрынғыдай – көлікті тіркеу үшін алынатын алғашқы төлемді, утильалымды азайту, мүмкіндік болса тіптен алып тастау. Олардың алдына Құрылыс және өнеркәсіп министрлігінің және Ішкі істер министрлігінің өкілдері шығып, екіжақты диалог айқай-шуға айналған.
Осы аптада Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Сенатқа келген кезінде позициясы бұрынғыша екенін, егер утильалымды алып тастаса, автозауыттарда жұмыс істейтін адамдар жұмыссыз қалатынны айтты.