×

«Шарлапаев та шаруаларыңды шеше алмайды»: Утилалымға қарсы жиналған халық Астанаға жиналды

Олардың алдына министрлік өкілдері шығып, екіжақты диалог айқай-шуға айналды

«Шарлапаев та шаруаларыңды шеше алмайды»: Утилалымға қарсы жиналған халық Астанаға жиналды
Фото: primeminister.kz / скриншот

Кеше шетелдік көліктерді елге кіргізгені үшін иелерінен алынатын утилизациялық алымға қарсы жүздеген адам Астанаға жиналды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Олардың талабы бұрынғыдай – көлікті тіркеу үшін алынатын алғашқы төлемді, утильалымды азайту, мүмкіндік болса тіптен алып тастау. Олардың алдына Құрылыс және өнеркәсіп министрлігінің және Ішкі істер министрлігінің өкілдері шығып, екіжақты диалог айқай-шуға айналды.

Наразылар неге көңілі толмайды

«Үкіметтің атынан келіп отырсыздар ғой: сіздерге бір ғана сұрақ бар! Біздің келешектегі тағдырымыз не болады (бұл тұрғыда шетелден көлік әкелдендердің жайы сұралды)? Менің де бес балам бар, мен бұл көлікті несие алып әкеліп отырмын. Енді несиемді жаба алмай отырмын. Тағдырымыз не болады? Шеше аласыздар ма?» деп сұрады жиналғандардың бірі.

Ұзын сөздің қысқасы, жиналған азаматтар утильалым мен көлікті тіркегені үшін алынатын алғашқы алымды алып тастауды талап етеді.

«Басқа елдер мен біздің елдің утильалымы бірдей дегенге келтіресіздер. Өйткен екенсіздер, біздің экономика да, халықтың жағдайы да сол елдермен бірдей болуы керек емес пе!? Тіпті кейбір дамыған елдерде утильалым тіпті мүлде жоқ. Отандық өнеркәсіп дейсіздер, егер Қазақстанда «Тұлпар», «Арғымақ» секілді бренд көліктер болса ғой, ал неге біз шетелден келген көлік инвесторларын утльалым есебінен субсидиялауымыз керек? Өзі істесін. Біз неге олардың кәсіпорындарын қорғап, қалтамыз қағылуы тиіс?» - дейді ол.

Жиналғандардың алдына Құрылыс және өнеркәсіп вице-министрі Олжас Сапарбеков бастаған жауапты қызметкерлер келген. Олардың наразы адамдармен диалогы сәтті бола қоймады. Жиналғандардың олардың аузынан тек «утильалым алынады» деген сөзді күткен. Ол сөзді министрліктен келгендердің бірде-бірі айта алған жоқ.

Министрліктегілердің жауабы

Құрылыс және өнеркәсіп министрлігінің Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев утилизациялық алым бүгін емес, 2016 жылы енгізілгенін, оны шетелдік көлік алып келгендердің бәрі білгенін айтады.

«Көлікті бәріміз алып келетін кезде де білдік. Соңғы легализациядан кейін де әкелді. Азаматтар заңмен мүмкін таныс болмаған шығар. Бірақ сол заңның талаптары болды ғой. Оған сәйкес, Президенттің тапсырмасымен бір рет көлікті заңдастыруға мүмкіндік берілді. Одан бөлек утильалым не үшін енгізілді деп сұрайсыздар ғой. 2015 жылға дейін 120 айлық есептік көрсеткіштерге дейін баж салығы болды. Оны көп адам көлікті кіргізер кезде тағы ұмытып кетті», - дейді Азамат Панбаев.

Панбаевтың сөзінше, осы уақытқа дейін утилизациялық алымнан жиналған қаражат автонесиеге жұмсалған. Лизинг алу үшін шаруаларға бөлінген. Панбаев «мұндағы халықтан басқа екінші жақта да халық бар ғой, олардың да пікірін тыңдау керек деді. Министрліктегілер осындай аргументті айтқанымен, оларды жиналған жұртшылық ары қарай тыңдағысы келген жоқ. Айғайға басып, «егер біздің мәселені шеше алмасаңдар, бара беріңдер» деп талап етті.

«Бұл мәселе шешілмейді»

Түскі үште басталған жиын кешке дейін созылды. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы болып Қайсар Сұлтанбаев «бұл мәселе шешілмейді» деп кесіп айтты. Жиналған жұртшылық осы жиыннан тарқағаннан кейін «бізді қамауы мүмкін бе?» деп қауіптенген. Сұлтанбаев «бүгін осы жерде заң бұзылып, ештеңе бүлінген жоқ» деді.

«Еститін құлақ, көретін көз болса – бәрі жетеді. Бірақ қазір бұл жерден шығып алып, айқайлап жүргеннен, я болмаса «Шарлапаев келгенше осы жерден кетпейміз» деп отырғаннан бәрібір түк шықпайды. Шарлапаев біріншіден келе алмайды, екіншіден келгенімен ештеңе шеше алмайды. Бұл бір. Келмейтініне көздеріңіз жетті ғой, сондықтан бекерге уақытты созып, отыра бергеннен ештеңе өзгермейді. Далаға шыққаннан кейін анда барамыз, мұнда барамыз деп шулаудың түк керегі жоқ. Заңды бұзудың керегі жоқ. Мен погондағы адаммын. Мен қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуын қадағалап жүрген азамат болғандықтан, біреуіңіз заңды бұзсаңыздар, заң аясында жауапкершілік барын айтқым келіп тұр. Сіздерге осы жерде «сөйледі» деп заңды қолданатындай ешқандай заңбұзушылықты көріп тұрған жоқпыз», - деді ол.

Сұлтанбаев жиналғандарға «өтірік айтып, олай етеміз, бүйтеміз деп» алдап-сулап, шығарып салудың да қажеті жоқ деп шынын айтқандай болды.

Астанаға жиналған наразы жұрт утильалымға байланысты жиыны осылай өтті.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →