Сенат депутаттары 30 сәуір күні өткен отырыста «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілген түзетулерді қарап, құжатты маңызды өзгерістермен Мәжіліске қайтарды. Сенаторлар бұралқы иттер мен мысықтардың санын реттеуде салдармен күресудің орнына, мәселенің себептерін жоюға басымдық беруді ұсынып отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Заң жобасындағы ең басты өзгеріс – жануарлардың санын реттеу тәсілі ретінде эвтаназияны қолдануды алып тастау. Депутат Арман Өтеғұловтың айтуынша, жануарды өлтіруге тек емі қонбайтын ауру немесе қатты қиналу жағдайларында ғана ветеринардың қорытындысымен рұқсат беріледі. Сондай-ақ жануардың чипі болмауы оны автоматты түрде иесіз деп тануға негіз болмайтыны бекітілді.
Бұдан былай жануарларды сату немесе біреуге сыйға тарту тек ресми тіркеуден кейін ғана мүмкін болады. Заң жобасы үй жануарларын күтіп-ұстау және серуендету ережелерін бұзғаны үшін, сондай-ақ үй жануары басқа адамға немесе мүлікке зиян келтірген жағдайда иесінің шығынды өтеу жауапкершілігін айтарлықтай қатаңдатады.
Мәжіліске қайтарылған құжатта жергілікті мәслихаттарға қаржылық мүмкіндіктер мен аймақ ерекшелігіне қарай жануарлар санын реттеу мерзімін өз бетінше анықтау құқығы берілген. Парламентарийлер бұралқы жануарлардың көбеюіне көшеге тасталған үй жануарлары себеп деп есептейді, сондықтан бақылаусыз көбеюге де тыйым салынбақ.