Алматылық журналист 6 жасар қызын Жәнібек Әлімханұлының баласы ұрды деп шағымданды

Qaz365.kz редакциясы

Кешірім сұраудың орнына ақыл айтты

коллаж Qaz365.kz

Алматылық журналист Гүлжанат Пірімбетова ақылы мектепте оқитын қызы сыныптасы жиі ұратынын айтып, шағымданды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Оның айтуынша, қызы алты жаста. 

«Бірінші рет болып тұрған жағдай емес. Мұғалім, директор, ұлдың анасына да айттым. Мектеп әкімшілігі уәжімді түсініп, қадағалауға алатындарын айтты. Ал анасы керісінше. Жыл басында да қызымды теуіп жібергенін анасына айтқанымда ренжіді», - дейді Гүлжанат Пірімбетова.

Оқушы ұлдың анасы баласы үшін кешірім сұраудан бас тартқан көрінеді. Бүгін ол мектепке жасөспірімдер ісін қарайтын инспектор шақырған.

«Баланың да анасын шақырды. Ол күліп тұр. Кешірім сұраудың орнына ақыл айтты. Ал баланың әкесі - боксшы Жәнібек Әлімханұлы. Мен ол кісінің спорттағы жетістігін сыйлаймын. Бірақ бұл бірінші рет емес, сондықтан шыдай алмаймын», - дейді журналист.

Гүлжанат Пірімбетова осы мәселе бойынша заңгерге жүгінгенін айта кеткен.

Еске салып өтейік, Жәнібек Әлімханұлы – WBO тұжырымы бойынша кәсіпқой бокстан әлем чемпионы.