"Спорт саласына түбегейлі өзгерістер қажет": Тоқаев Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдады

Qaz365.kz редакциясы

Бұл туралы Ақорда мәлімдеді

akorda.kz

Мемлекет басшысы Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдады, деп хабарлайды Qaz365.kz

Мемлекет басшысы спортшыларды жүлделерімен құттықтап, спорт саласына түбегейлі өзгерістер қажет екенін айтты. 

«Еліміздің жалпы көрсеткіші өткен Олимпиада мен Азиада ойындарынан да өте жақсы болуы мүмкін еді. Бокс, ауыр атлетика, еркін және грек-рим күресі дәстүрлі түрде ел құрамасының қоржынына жүлде салып, айтарлықтай үлес қосатын. Жеңіл атлетика, спорттың командалық түрлері жанкүйерлерімізді көбірек қуанышқа бөлейтін. Барлық спорт түрі бойынша кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажет. 

Ашығын айтуымыз керек, нәтижеміз мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайтынын көрсетеді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни реформа қажет. Тиісті министрлік осы мәселені жан-жақты қарап, спортты дамытудың мүлде жаңа жолдарын ұсынуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қытайдың Ханчжоу қаласында жазғы Азия ойындарында Қазақстан жалпы командалық есепте отандастарымыз алғашқы рет ондықтан түсіп қалды. Бұл жолы 11-орынға тұрақтады. Қазақстан 2018 жылға дейін алғашқы бестіктен түспеген. Соңғы екі Азия ойындары 9 және 11 орынмен аяқтап отыр.

Қазақстан намысын қорғаған спортшылар 80 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль бар. Қоланың саны жөнінен рекорд жаңарттық. Бұрын ең көбі 2018 жылы болған (44 қола).